Кіру

Басты бет
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел Азаматтық авиация академиясында дәріс оқыды

10/07/2026

Азаматтық авиация академиясында Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Бас атқарушы директоры Майкл Дэниелмен кездесу өтті. Іс-шараға Академияның профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен білім алушылары, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысты.
Кездесуді ашқан Азаматтық авиация академиясының ректоры Даулет Мамеков:
«Еліміздің жетекші мамандандырылған авиациялық жоғары оқу орны ретінде Азаматтық авиация академиясы саланы дамытудың ұлттық басымдықтарын толық қолдайды. Біздің басты міндетіміз – ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес бәсекеге қабілетті мамандар даярлау»,
– деп атап өтті.
Майкл Дэниел өз сөзінде әлемдік азаматтық авиацияның даму перспективаларына тоқталып, бүгінгі таңда саланың дамуын айқындайтын негізгі технологиялық және кәсіби өзгерістерге назар аударды. Ол STEM-білімнің, инженерлік ойлаудың, цифрлық технологиялардың, инновациялардың және үздіксіз кәсіби дамудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Ғылым, технологиялар, инженерия және математика салаларындағы іргелі білім – әрбір авиация маманының кәсіби қалыптасуының негізі. Алайда авиацияны алға жетелейтін күш – талант, терең ойлау мен жаңа шешімдер таба білу қабілеті. Бүгін сіздер тек мамандықты меңгеріп жатқан жоқсыздар – дәл сіздердің буындарыңыз әлемдік авиацияның болашағын қалыптастыратын болады»,
– деді М. Дэниел.
Халықаралық сарапшы-кеңесші, профессор Абрахам Алтонаян авиация саласына жаңа буын басшыларын даярлауға бағытталған MBA бағдарламасын дамыту перспективаларын таныстырды. Инженерлік-техникалық қызмет көрсету орталығының басшысы Джон Уэйнрайт халықаралық талаптарға сәйкес инженерлік-техникалық персоналды даярлаудың заманауи тәсілдері туралы айтып, тәжірибеге бағдарланған оқыту мен инженерлік құзыреттерді дамытудың маңызын атап өтті.
Ашық пікірталас барысында Академияның оқытушылары мен білім алушылары Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің басшысымен әлемдік авиацияның даму үрдістерін, кәсіби құзыреттерге қойылатын талаптарды, жаңа технологияларды енгізу, ұшу қауіпсіздігі және авиациялық білім беруді одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Сапар соңында қонаққа Академияның білім беру бағдарламалары, заманауи оқу-жаттығу кешендері, ғылыми-зерттеу жобалары және жоғары оқу орнының перспективалық даму бағыттары таныстырылды.