Кіру

Басты бет
Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінде алғаш рет «Аудит техникасы» курсы өткізілді

14/04/2026

«Аудит техникасы» оқу курсы авиациялық инспекторлар мен техникалық реттеушілер мамандарын кәсіби даярлау жүйесіндегі маңызды оқиғаға айналды. Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінде (ААК) оқу іс-шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді, алайда бұл курс алғаш рет аудит қызметінің практикасына тікелей бағытталған дербес әрі кешенді бағдарлама ретінде жүзеге асырылды.

Оқытудың мақсаты – қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және аудитті ішкі бақылау жүйесінің, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі элементі ретінде ұйымдастыру мен жүргізудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру.

Бағдарлама халықаралық стандарттар мен озық тәжірибелерді ескере отырып әзірленген және аудиттің барлық кезеңдерін – жоспарлаудан бастап қорытындылар мен ұсынымдар қалыптастыруға дейінгі үдерісті қамтиды. Барлық авиациялық инспекторларға қолдануға болатын бірыңғай кәсіби тәсілдерді қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

Оқытуды ААК лицензиялау департаментінің директоры Әділжан Сұлтанов жүргізіп, мамандардың күнделікті жұмысында кездесетін нақты мысалдар мен практикалық жағдайларды келтірді.

Қатысушылар аудиттің негізгі кезеңдерін; аудиттік тексерулерді жоспарлау және дайындау мәселелерін; тәуекелдерді анықтау мен бағалау әдістерін; аудиттік дәлелдемелерді талдау тәсілдерін; негізделген қорытындылар мен практикаға бағытталған ұсынымдарды қалыптастыру талаптарын жан-жақты қарастырды. Сәйкестікті объективті және ашық бағалаудың негізі ретінде Ф-К-Д (факт – критерий – дәлелдеме) моделін қолдануға ерекше көңіл бөлінді.

«Аудит техникасы» курсын өткізу ААК-тың институционалдық әлеуетін нығайтудағы маңызды қадам болды және бақылау мен қадағалау үдерістерінің ашықтығын, тиімділігін және сапасын арттыруға бағытталған.