18/04/2020
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі «Бек Эйр» АҚ-ның пайдаланушы және әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы сертификаттарын қайтарып алды. Осыған байланысты әуе компанияның болашақ қызметіне және жолаушыларға бұрын сатып алынған әуе билеттер үшін ақшаны қайтаруға қатысты бірқатар сұрақтар туындады.
Еңбек заңнамасына сәйкес «Бек Эйр» АҚ қызметкерлерін еңбек жағдайларының өзгергені туралы жазбаша хабардар етуге, олардың еңбек қызметін растайтын құжаттарды беруге, сондай-ақ өз қызметкерлеріне өтемақы төлемдерін жүзеге асыруға тиіс.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығымен бекітілген Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес әуе компаниясы бұрын сатып алынған билеттер үшін жолаушыларға ақшаны қайтаруға міндетті.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және Азаматтық авиация комитеті «Бек Эйр» АҚ-ның жұмыстан шығарылған қызметкерлеріне балама жұмыс табуға көмектеседі. Алдағы күндері арнайы сайт ашылады, онда әуе компанияның қызметкерлері жұмыс іздеу үшін тіркеле алады.