31/03/2026
Бухарест қаласында (Румыния) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық бюросының аэродромдық операциялар жөніндегі өңірлік жұмыс тобының алтыншы отырысы (RWGAO/6) өтті. Іс-шараға Ұлыбритания, Ирландия, Франция, Польша, Қазақстан, Әзербайжан, Молдова, Марокко, Түркия, Грекия және Румыния елдерінің азаматтық авиация органдарының өкілдері қатысты. Қатысушылардың негізгі назары Қазақстан Республикасы кіретін Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық өңірде (EUR/NAT) ұшу қауіпсіздігі мен аэродромдарды пайдалану саласындағы ИКАО халықаралық стандарттарын тиімді іске асыру мәселелеріне аударылды. Отырыс барысында вертодромдарды сертификаттау, кедергілерді шектеу беттерінің (Obstacle Limitation Surfaces – OLS) жаңа талаптарын енгізу, сондай-ақ әуе кемелеріне жерүсті қызмет көрсету стандарттарын жетілдіру мәселелері қаралды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің әуеайлақтар және жерде қызмет көрсету департаментінің өкілдері – қорғалатын аумақтарға рұқсаттар беру жөніндегі басқарманың басшысы – бас авиациялық инспектор Ирина Хусаинова, аға авиациялық инспектор Бақтияр Сейітахметов – Қазақстанда ИКАО бастамаларын іске асыру жөнінде бірқатар баяндамалар ұсынып, оларды одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, теңіздегі бұрғылау қондырғыларында орналасқан нысандарға қосымша талаптарды қоса алғанда, вертодромдарды сертификаттауды жетілдіру, Advanced Air Mobility тұжырымдамасының дамуын ескере отырып, вертипорттарға арналған стандарттарды әзірлеу және енгізу, сонымен қатар вертипорттарды, оның ішінде көтеріңкі алаңдарда орналастыру жағдайында кедергілерді шектеу беттеріне қойылатын талаптарды бейімдеу, сондай-ақ Қазақстан әуежайларын жаңа талаптарға көшіру жоспарын іске асыру жөніндегі бастамалар ұсынылды. Қазақстан тарапы ұсынған материалдар жұмыс тобы қатысушылары тарапынан қызығушылық тудырып, белсенді талқылауға ұласты. Отырыс қорытындысы бойынша қазақстандық тараптың ұсыныстары ИКАО-ның бейінді техникалық комитеттері аясында одан әрі пысықтауға қабылданды. RWGAO/6 жұмысына қатысу Қазақстан Республикасының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы халықаралық стандарттар мен үздік тәжірибелерге бейілділігін, сондай-ақ заманауи аэродром инфрақұрылымын дамыту мен азаматтық авиацияда инновациялық шешімдерді енгізудегі белсенді ұстанымын растайды.