Кіру

Басты бет >
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі санитариялық авиацияның дамуына қолдау көрсетеді

24/02/2021

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің өкілдері Қазақстанның медициналық авиация саласындағы жеке мемлекеттік операторы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының қызметімен танысты. Орталықтың жұмысы Қазақстан халқы үшін әуе көлігін пайдалана отырып, шұғыл медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.

Санитариялық авиацияның міндеті пациентке шұғыл медициналық көмек көрсету, білікті маманды межелі жерге жеткізу немесе науқасты тиісті медициналық ұйымға тасымалдау болып табылады.

Бүгінгі таңда шағын авиацияның тоғыз отандық әуе компаниясы санитарлық авиация қызметін көрсетіп, 36 әуе кемесін ұсынады. Әртүрлі ұшу-техникалық сипаттамалары бар әуе кемелерін медициналық авиация желісінде қолдану әуеайлақ инфрақұрылымының жағдайын, географиялық және климаттық жағдайларды ескере отырып, шалғай елді мекендерді қамтуды қамтамасыз етеді және өңірлерде, облыс орталықтары арасында, шетелдік ұшулар кезінде бөлінетін қаржы ресурстарының жеткілікті тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді, бұл ретте медициналық авиация желісінің рейстері ықтимал сипатқа ие.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы келісімшарт негізде мамандандырылған және арнайы дайындалған әуе кемелерін қызметке тартады. 2020 жылы Орталық базасында 2185 рейс жасалды, 2602 пациентке медициналық көмек көрсетілді, жалпы ұшу уақыты 8 405 сағатты құрады. Орталық қызметке Ан-2, Ан-24, Як-40 сияқты шағын авиацияның әуе кемелерін және ЕС-145 үлгісіндегі мамандандырылған тікұшақтарды тартады.  

Кездесу барысында әуе паркін жаңарту, авиациялық техниканы жетілдіру, әуе кемелерінде медициналық модульдерді пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту, ұшу кезінде әуе кемелерін бақылаудың болмауы, сондай-ақ авиациялық оқиғаларды талдау бойынша ақпараттың жетіспеушілігі бойынша проблемалық мәселелер қаралды.

Соңғы төрт жылда медициналық авиация желісі бойынша авиациялық қызметке байланысты 20 авиациялық оқиға тіркелді, оның біреуі адамдар өлімі болған әуе апаты, 2 – төтенше оқиға, 9 – авариялық қону, 5 – техникалық ақауларға байланысты әуе кемелерінің кері қайтуы, 3 – әуе кемесінің бортындағы қолайсыз жағдайлармен байланысты.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі медициналық авиация желісі бойынша өңірлік және аймақаралық ұшуларды қамтамасыз ету үшін қазіргі заманғы әуе кемелерін пайдалану мүмкіндігін бағалау, қызмет ету мерзімінің белгілі бір мөлшері бар әуе кемелерін пайдалануға шектеулерді қою, сондай-ақ жергілікті әуе желілері жүйесінде әуеайлақ желісін кеңейту перспективалары бойынша жұмысты жалғастырады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық орнату және ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қызметтердің сапасын арттыру мәселелерінде әуе компанияларды бақылауды жақсарту үшін бірлескен жұмысты күшейту қажеттігі туралы уағдаласты. Жақын арада Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылады.