Кіру

Басты бет
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен Сингапурдың азаматтық авиация басқармасы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

29/06/2026

Сингапурда Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің (ҚАӘ) Бас атқарушы директоры Майкл Дэниелдің Сингапурдың азаматтық авиация басқармасының (CAAS) Бас директоры Хан Кок Джуанмен және Бас директордың бірінші орынбасары Алан Фумен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар ұшу қауіпсіздігін қадағалау, авиация мамандарын даярлау, тәжірибе алмасу және озық халықаралық тәжірибелерді енгізу мәселелері бойынша ҚАӘ мен CAAS арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – 2024 жылғы 19 ақпанда қол қойылған Сингапурдың азаматтық авиация басқармасы мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі арасындағы кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумды жаңарту болды.
Тараптар авиациялық инспекторлардың кәсіби алмасу бағдарламасын (Inspector Secondment Programme) іске асыруды көздейтін Меморандум ережелерін кеңейту мүмкіндігін талқылады. Атап айтқанда, кәсіби тәжірибе алмасу, озық тәжірибелерді енгізу және институционалдық әлеуетті одан әрі нығайту мақсатында CAAS инспекторын ҚАӘ-не жіберу жоспарлары қарастырылды.
Сондай-ақ, ұшу қауіпсіздігін қадағалау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасының (FAA) Халықаралық авиациялық қауіпсіздікті бағалау бағдарламасынан (IASA) өтуге дайындық және FAA-ның 1-санатын алу бойынша Сингапурдың тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдірді. Аталған санат ұлттық әуе тасымалдаушыларына АҚШ-қа тікелей тұрақты рейстер орындауға мүмкіндік береді.
Сингапур көптеген жылдар бойы FAA-ның 1-санатына ие, бұл сингапурлық әуе тасымалдаушыларына АҚШ-қа рейстер орындауға мүмкіндік береді. Ұшу қауіпсіздігін қадағалау жүйесін жетілдіру, авиация мамандарын даярлау және FAA-мен өзара іс-қимыл жасау саласында CAAS жинақтаған тәжірибе Қазақстан тарапы үшін үлкен қызығушылық тудырады. Тараптар осы бағыттағы ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде сараптамалық біліммен, үздік халықаралық тәжірибемен алмасуға және FAA бағалауынан өтуге дайындық тәжірибесін бөлісуге дайын екендіктерін білдірді.
Сонымен қатар, кездесу қатысушылары авиациялық билік органдарының қызметінде жасанды интеллект технологияларын қолдану бағытындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, ұшу қауіпсіздігін қадағалаудың тиімділігін арттыру және сертификаттау процестерін жетілдіру үшін заманауи цифрлық шешімдерді пайдалану мәселелері қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұшу қауіпсіздігін қадағалау жүйесін жетілдіруге, кадрлық әлеуетті дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және озық халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған әріптестік қатынастарды одан әрі дамытуға және практикалық ынтымақтастықты жалғастыруға өзара мүдделіліктерін растады.