07/08/2026
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Бас атқарушы директоры Майкл Дэниелдің Қазақстан Республикасындағы Америка Құрама Штаттарының Төтенше және Өкілетті Елшісі Джули Стаффтпен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, екіжақты әріптестікті нығайту мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ-тың бейінді авиациялық ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді талқылады.
Кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты АҚШ-тың Федералдық авиация әкімшілігі (FAA) жүргізетін Халықаралық авиациялық қауіпсіздікті бағалау (International Aviation Safety Assessment – IASA) бағдарламасынан өтуге дайындық шеңберінде Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстар атап өтілді. Азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіруге және оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданды.
Тараптар сондай-ақ АҚШ-тың Экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі бағдарламасының (EXBS) қолдауымен көптеген жылдар бойы табысты дамып келе жатқан авиациялық қауіпсіздік саласындағы жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты атап өтті.
Сонымен қатар Нью-Йорк қаласындағы Джон Ф. Кеннеди атындағы халықаралық әуежайда Қазақстанның авиациялық билік органдарының өкілдері мен Астана және Алматы әуежайларының мамандарына арналған International Air Cargo Interdiction Training (IACIT) бағдарламасы бойынша оқытудың ұйымдастырылғаны атап өтілді.
Майкл Дэниел америкалық тарапқа Қазақстанның азаматтық авиациясын дамытуға көрсетіп келе жатқан дәйекті қолдауы мен қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, озық тәжірибе алмасуға және ұшу қауіпсіздігін арттыруға, авиация саласын дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы көлік байланыстарын нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.