Кіру

Басты бет
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ авиация саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

07/02/2026

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі арасында жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламалары аясындағы ынтымақтастықтың даму мүмкіндіктерін талқылады. Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің ұшу қауіпсіздігі жөніндегі атқарушы директор – Басқарма мүшесі Аслан Сатжанов өз сөзінде ұйым қызметінің негізгі бағыттарын атап өтіп, ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік білдірді. Сондай-ақ Орталық үйлестіретін бағдарламалар бойынша кадрлардың біліктілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Кусманов қатысушыларды Орталықтың қызметімен таныстырып, бүгінгі таңда авиация саласында «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламаларының 100-ден астам түлегі бар екенін атап өтті. Кездесу аясында ағымдағы уақытта оқып жүрген стипендиаттарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Болашаққа көпір» жобасына ерекше назар аударылды. Орталық өзара іс-қимылды кеңейтілген форматта дамытуға, оның ішінде стипендиаттарды бос жұмыс орындары мен кәсіби даму мүмкіндіктері туралы ақпараттандыруға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ, стипендиаттарды саланың өкілдерімен бірлескен қолданбалы зерттеулерге тарту ғылыми жұмыстардың практикалық бағыттылығын арттырып, олардың ел экономикасының қажеттіліктеріне сай болуын қамтамасыз ететіндігі туралы айтылды. Талқылау барысында тараптар инженерлік-техникалық кадрларды даярлау және авиациялық әкімшілік қызметкерлерінің кәсіби қызметінде жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін қарастырды. 2026 жылдан бастап кәсіби тағылымдамалар үшін бекітілген «Жасанды интеллект жүйелерін пайдаланушылар» жаңа бағыты бойынша оқытуға қызығушылық білдірілді. Экономиканың түрлі салаларындағы цифрландыру үдерістері жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді жүйелі түрде дамытуды талап ететіні, бұл ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен негізгі салалардың цифрлық трансформация жағдайында орнықты дамуының маңызды шарты екені атап өтілді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.