Кіру

Басты бет
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Kazakhstan Security Systems 2026 аясында өткен Drone Tech Conference-ке қатысты

14/05/2026

Астанада Kazakhstan Security Systems 2026 халықаралық көрмесі аясында ұшқышсыз авиациялық жүйелерді ұлттық қауіпсіздік, азаматтық қорғау және өнеркәсіптік қолдану салаларына интеграциялау мәселелеріне арналған Drone Tech Conference конференциясы өтті.

Іс-шара мемлекеттік органдардың, бейінді ведомстволардың, күш құрылымдарының, әзірлеушілердің, өндірушілердің, интеграторлардың, білім беру ұйымдарының және салалық сарапшылардың өкілдерін біріктірді.

Конференцияда Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Ұшқышсыз авиациялық жүйелер департаментінің авиациялық инспекторы Сания Бубешева Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ҰАЖ пайдалануды қолданыстағы реттеуге арналған презентациямен таныстырды.

Баяндама барысында ҰАЖ пайдалану саласындағы заңнаманың негізгі талаптары, соның ішінде пайдалануға рұқсат беру, есепке қою, сертификаттау, рұқсат құжаттарын алу, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік пен ұшу қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселелері қамтылды.

Ұшқышсыз авиация саласының қарқынды дамуын, ҰАЖ қолдану аясының кеңеюін, сонымен қатар мемлекеттік органдар, индустрия және технологиялық компаниялар арасындағы тиімді өзара іс-қимыл тетіктерін қалыптастыруды ескере отырып, нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру қажеттілігі атап өтілді.

Конференция Қазақстандағы ұшқышсыз авиацияның қауіпсіз дамуына ықпал етудің қолданыстағы талаптары мен мүмкіндіктері түсіндірілген сала қатысушыларымен ашық диалог алаңына айналды.