29/12/2022
"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ алдағы мереке және демалыс күндері алдында әуе тасымалдарға үлкен сұранысқа байланысты жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелерін сақтау қажеттігін еске салады.
"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" ҚР Заңының 76-бабына сәйкес әрбір жолаушыға жеке билет ресімделеді, ол:
1) жолаушыны әуе тасымалы шартының талаптарымен таныстыру;
2) жолаушы мен авиакомпания арасында әуе тасымалы шартын жасасу.
Осыған байланысты барлық жолаушыларға ұшу күніне дейін таңдалған авиакомпанияның жолаушыларды тасымалдау ережелерімен танысуды ұсынамыз.
Сондай-ақ, әуе көлігінде жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларының 59-тармағына сәйкес қол жүгін және багажды тегін тасымалдау салмағын, габариттерін, нормаларын тасымалдаушы белгілейтінін еске саламыз. Осылайша, әр авиакомпанияның қол жүгі мен багаж нормалары олардың ішкі талаптарына байланысты өзгеруі мүмкін.
Әуежайда жиналуды азайту мақсатында жолаушыларға онлайн тіркеуден өту ұсынылады. Онлайн тіркеуді авиакомпаниялардың сайттарында жасауға болады.
Рейс тоқтатылған немесе кешіктірілген кезде тасымалдаушы жолаушылар үшін жөнелту пункттерінде және аралық пункттерде келесі қызметтерді ұйымдастырады:
1) жеті жасқа дейінгі баласы бар жолаушыға ана мен бала бөлмесін (болған жағдайда) беру;
2) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан артық күту кезінде ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауы, оның ішінде халықаралық байланыс желілері бойынша немесе электрондық пошта арқылы екі хабарлама;
3) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан артық күту кезінде салқын сусындармен қамтамасыз ету;
4) рейстің жөнелтілуін төрт сағаттан артық және одан әрі күту кезінде ыстық тамақпен қамтамасыз ету:
әр алты сағат сайын-күндізгі уақытта;
әр сегіз сағат сайын-түнде;
5) рейстің ұшуын күндізгі уақытта сегіз сағаттан артық және түнгі уақытта алты сағаттан артық күткен кезде авиакомпания ұсынатын қонақүйде орналастыру;
6) авиакомпания ұсынатын көлікпен әуежайдан қонақүйге дейін және қонақ үй қосымша ақы алынбай берілетін жағдайларда кері жеткізуді қамтиды.
Бұл ретте көрсетілген қызметтер рейстің кешігуі авиакомпанияның кінәсінен болған жағдайда ғана ұсынылады.
Тасымалдаушының кінәсінен жолаушының таңдауы бойынша он сағаттан артық мерзімге рейс тоқтатылған немесе кідіртілген кезде тасымалдаушы:
1) осы тармаққа сәйкес қызметтер көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетілген межелі пунктке дейін ең жақын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етеді;
2) жолаушыға билеттің толық құнын қайтарады.
Бұдан басқа, жолаушыны авиакомпанияның кінәсінен тасымалдауды кідірткен кезде, соңғысы, егер ол еңсерілмейтін күштің салдарынан кешіктірудің орын алғанын дәлелдемесе, әрбір кідірту сағаты үшін жолаушыға билет құнының (кідіріс орын алған ұшу учаскесінің) 3 пайызы мөлшерінде айыппұл төлейтінін еске саламыз. Өтемақы алу үшін жолаушылар тікелей авиакомпанияға хабарласуы керек.
Барлық жолаушыларға қауіпсіз және жайлы ұшу тілейміз!