19/08/2022
SCAT әуекомпаниясының флоты дәл бүгін жаңа бортпен толықтырылды. 174 орындық «Boing-737 МАХ 8» заманауи ұшағында бизнес-кластағы орындар да қарастырылған. Қыркүйек айының ортасына дейін компания тағы 4 Boeing әуе кемесін сатып алмақ. Жалпы аталған авиакомпанияның флоты 27 ұшаққа дейін ұлғайтылады. Сонымен бірге әуе тасымалдарына қатысты сұраныс жылдан жылға артып келе жатқандықтан, қазақстандық әуе кемелері паркі 2025 жылға дейін 51 бірлікке ұлғаятыны мәлім болды.
Бүгінгі таңда әуе көлігіндегі жолаушылар ағынының күрт өсуі салдарынан самолеттердің жетіспеушілігі, рейстердің кешігуі орын алып, отандастарымыздың наразылығын тудырып отыр.
«Қызметіме алғаш кіріскен күннен бастап мәселені зерделеп, оны шешу мақсатында қазақстандық әуе тасымалдаушыларға жаңа ұшақтар сатып алуды тапсырған болатынмын. Жоспар бойынша жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 2,5 мың орынды құрайтын 14 жаңа әуе кемесі пайдалануға берілмек.
Атап айтқанда, SCAT авиакомпаниясы 9, Fly Arystan – 3 және Air Аstаnа 2 ұшақпен толықтырылады», – деп жазды Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.