Кіру

Басты бет >
Қазақстандық әуетасымалдаушылардың тарифтерінің қолжетімділігі туралы

20/07/2022

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау бағасына қатысты жазбаларына байланысты осы тарапта арнайы талдау жүргізді.
Сараптамада отандық және шетелдік авиа тасымалдаушы компаниялардың тарифтері мен баға саясаты қамтылды.


Атап айтқанда, қазақстандық «Fly Arystan» лоукост-әуекомпаниясы бірнеше бағыт бойынша шетелдік әуе компанияларымен салыстырғанда тиімді баға ұсынатындығы айқындалды. Мәселен, «Fly Arystan» компаниясының 3 594 шақырым қашықтықты құрайтын Түркістан – Стамбұл бағытындағы 2022 жылдың 6 қыркүйегіндегі билет құны 86 482 теңге болса, аталған қашықтықтағы «Turkish Airlines» компаниясының Нұр-Сұлтан – Анталия бағытындағы биылғы 1 қыркүйектегі билет бағасы 286 823 теңге көлемінде.


Сәйкес бағыт бойынша қазақстандық «Эйр Астана» компаниясының ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі билет құны 186 474 теңге мөлшерінде. Бұл тариф түркиялық әуе тасымалдаушының бағасымен салыстырғанда 100 мың теңгеге төмен.


Осы ретте атап өтерлігі, барлық әуе тасымалдаушы компаниялар динамикалық баға саясаты жүйесін қолданады. Мәселен, ертерек брондалған билет құны ұшу алдында алынған билет бағасынан бірнеше есе төмен. Сәйкесінше, талдау барысында түрлі авиакомпаниялардың белгілі бір датадағы тарифын салыстыру маңызды рөл атқарады. Бұл – нақты әрі айқын талдау жүргізуге мүмкіндік береді.


Осы тарапта тағы бір мысал, қашықтығы «Pegasus Airlines» компаниясының 2 690 шақырымды құрайтын Стокгольм – Анталия бағытындағы биылғы жылдың 1 қыркүйегінде билет бағасы 42 302 теңгені құрайды.


Талдау нәтижесі көрсеткендей, қазақстандық авиакомпаниялардағы билет құны шетелдік әуе тасымалдаушылармен салыстырғанда тиімді және қолжетімді. Ең бастысы – сапарды алдын ала және дер кезінде жоспарлаған жөн.


Отандық және шетелдік әуе компанияларындағы тариф құны кестеде толығырақ көрсетілген.