25/06/2024
Ағымдағы жылдың 24 маусымынан 28 маусымға дейін Астанада Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) «Әуе кемелерін күрделі кеңістіктік жағдайдан алдын алу және шығаруға дайындық (UPRT)» аймақтық семинары өтуде. Бұл семинар Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетімен (ары қарай - Комитет), Қазақстанның Авиациялық әкімшілігімен, Airbus корпорациясымен, Air Astana авиакомпаниясымен және Халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен (IATA) бірлесе ұйымдастырған.
Семинардың ашылуында Комитет төрайымы Томпиева Салтанат сөз сөйлеп, шараға қатысушыларға жемісті еңбек тіледі және Қазақстанда аймақтық семинарды ұйымдастырғаны үшін ИКАО, IATA, Airbus және Air Astana авиакомпаниясының өкілдеріне алғысын білдірді. Аймақтық семинарға Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның авиациялық биліктерінен 60-тан астам қатысушылар, сондай-ақ осы елдердің авиакомпаниялары мен авиациялық оқу орталықтарының өкілдері қатысуда («Air Astana», «FlyArystan», «Qazaq Air», «SCAT», «РГП» Беркут», «Comlux-KZ», «Prime Aviation», «Fly Jet.kz», «Alpha sky», Академия гражданской авиации, АУЦ «Балапан», «Georgian Aviation University», «Easy Charter», «Panorama airways», «Qanot Sharq» және «Uzbekistan Airways»).
Семинар авиациялық билік органдарына, авиакомпанияларға, ұшқыштарға және UPRT оқытуды бекітуге және/немесе ұйымдастыруға қатысатын басқа қызметкерлеріне арналған. Семинар ұшу кезіндегі бақылауды жоғалтумен байланысты тәуекелдер және ықтимал азайту стратегиялары туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған теориялық құрамдас бөліктен, сондай-ақ Air Astana толық ұшу тренажерінде (FFS) Airbus нұсқаушылары жүргізетін практикалық демонстрациялық сессиялардан тұрады.
Барлық қатысушылар Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) сертификатын алған Орталық Азияда бірінші болып L3 Harris компаниясының соңғы буын Reality Seven ұшу тренажерімен жабдықталған жаңа заманауи ұшу оқу орталығында тәжірибелік сабақтардан өту мүмкіндігіне ие болады. Тренажер – Air Astana авиакомпаниясының алғашқы пайдалануға бергені және Қазақстандағы алғашқы қондырғы.