Кіру

Басты бет >
Қазақстанда алғаш рет жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасы бойынша ИКАО аймақтық симпозиумы (TRIP ИКАО) өтеді

27/10/2023

 

2023 жылғы 6-8 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасында алғаш рет TRIP жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасы бойынша аймақтық симпозиум өтеді. Ол ИКАО Халықаралық азаматтық авиация ұйымының эгидасымен, ҚР Көлік министрлігінің, Азаматтық авиация комитетінің және Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің қолдауымен өтеді.  

Іс-шара бағдарламасына сәйкес үш күн ішінде TRIP ИКАО стратегиясының бес элементімен тікелей байланысты 10 панельдік сессия өткізу жоспарланған: сәйкестікті растау, машинамен оқылатын жол жүру құжаттары, құжаттарды беру және бақылау, тексеру жүйелері мен құралдары, бірін-бірі толықтыратын ақпараттық жүйелер.

Іс-шараның негізгі бағыты технология мен инновация арқылы жолаушылардың ұтқырлық деңгейін арттыруға бағытталған. Азаматтық авиацияны дамытудың басым бағыттарының бірі цифрлық трансформация болып табылатынын атап өту қажет. ҚР Көлік министрлігі ҚР әуежайларында жолаушыларға қызмет көрсету және сәйкестендіру бойынша жаңа технологияларды қолдануға, сондай-ақ әуе тасымалы кезіндегі формальдылықты жеңілдету мәселелеріне ерекше назар аударады. TRIP ICAO аймақтық симпозиумы тәжірибе алмасу және жолаушыларды сәйкестендіру бойынша жалпы проблемалық мәселелерді талқылау үшін бірегей пікірталас алаңы болады деп күтілуде.

TRIP ICAO аймақтық симпозиумының спикерлері Канада, Америка Құрама Штаттары, Франция, Ұлыбритания, Түркия, Жаңа Зеландия, Швейцария сияқты елдердің формальдылықты жеңілдету мәселелері бойынша халықаралық сарапшылары болады. Сонымен қатар, іс-шараға Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO), Халықаралық әуежайлар кеңесінің (ACI), Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM), Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA), Біріккен ұлттар ұйымының босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасының (UNHCR), Интерпол Бас хатшылығының, Халықаралық қылмыстық полиция ұйымының, сондай-ақ Еуропалық шекара және жағалау күзеті агенттігінің (FRONTEX) қызметкерлері қатысады деп күтілуде.

Қазақстандық спикерлер ретінде мемлекеттік органдардың (ҚР ҰҚК ШҚ, ЦДИАӨМ, ІІМ КҚҚК, КМ ААК), Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің, Астана және Алматы қалаларының әуежайларының, отандық әуе компаниялардың (Air Astana, SCAT, Qazaq Air, FlyArystan) және Азаматтық авиация академиясының өкілдері сөз сөйлейді. Іс-шараның толық бағдарламасы ағымдағы жылдың 1 қарашасында Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің сайтында жарияланады.

TRIP аймақтық симпозиумына қатысу үшін ағымдағы жылдың 6 қарашасына дейін алдын ала тіркелу қажет. Сыртқы қатысушыларды тіркеу http://www.icao.int/Meetings/TRIP-Kazakhstan-2023 сілтемесі бойынша ИКАО веб-сайтында жүзеге асырылады.

Қазақстан тарапынан қатысушыларды тіркеу «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ арқылы жүзеге асырылады. Барлық сұрақтар бойынша Fal@caa.gov.kz мекенжайына хабарласуға болады.

БАҚ аккредитациясына қатысты сұрақтар бойынша «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ баспасөз қызметіне 8(775)6006093 телефон арқылы хабарласуға болады, e-mail: Press@caa.gov.kz.