Кіру

Басты бет
Қазақстан жүк тасымалдау кезінде авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі АҚШ-тың озық тәжірибелерін зерттеуде

07/07/2026

Қазақстандық авиация саласының өкілдері әуе жүктерін тасымалдау кезінде авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тәжірибе алмасу мақсатында АҚШ-тың Нью-Йорк және Вашингтон қалаларына оқу сапарымен барды.

Қазақстан делегациясы құрамына ҚР Президенті Әкімшілігінің жобалық офисінің, ҚР КМ Азаматтық авиация комитетінің, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы және Алматы халықаралық әуежайы өкілдері кірді.

Бұл сапар авиациялық жүктерді тексеру және халықаралық әуежайлардың жүк объектілерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған болатын. Сапар АҚШ-тың Көлік қауіпсіздігі әкімшілігінің (TSA) қолдауымен және АҚШ-тың Астанадағы Елшілігінің Экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі (EXBS) бағдарламасымен әріптестікте ұйымдастырылды. Бұл бастама Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу қарсаңындағы екіжақты ынтымақтастықтың нәтижесі болып табылады.

Сапар бағдарламасы аясында қазақстандық делегация TSA өкілдерімен бірлесіп Нью-Йорк қаласындағы Джон Ф. Кеннеди атындағы халықаралық әуежайдың және Вашингтон Даллес халықаралық әуежайының авиациялық жүк тасымалдарын мемлекеттік реттеу жүйесімен және оларды практикалық ұйымдастыру тәжірибесімен танысты. Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жүктерді тексеруді ұйымдастыру, тәуекелдерді басқару және карго тасымалдары саласындағы халықаралық талаптарды сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ қатысушылар жүк терминалдарын, белгілі жүк операторлары мен экспедиторлық компаниялардың объектілерін, тексеру қызметтерінің бөлімшелерін аралап, қолданылатын бақылау технологиялары мен техникалық құралдарымен, авиациялық жүктерді өңдеу және тексеру рәсімдерімен, сондай-ақ мемлекеттік органдар, әуежайлар, авиакомпаниялар және жүк терминалдары операторлары арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерімен танысты.

Кездесулер барысында тараптар авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру, авиациялық жүктерді тексерудің заманауи тәсілдерін енгізу, ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру және осы

саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша тәжірибе алмасты.

Өткен тәжірибе алмасу сапары Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы авиациялық қауіпсіздік саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кезеңіне айналып, халықаралық жүк және жолаушылар әуе тасымалдарының қауіпсіз әрі тиімді дамуына ықпал етеді.