07/08/2026
Қырғызстанда ұшу қауіпсіздігі, авиациялық техниканы пайдалану және авиация саласындағы қауіпсіздік мәдениетін дамыту мәселелеріне арналған Safety Roadshow 2026 конференциясы өтті. Airbus Helicopters Kazakhstan Engineering компаниясы ұйымдастырған іс-шараға Орталық Азия елдерінің авиациялық билік органдарының өкілдері, тікұшақ операторлары, инженерлер және ұшу қауіпсіздігі саласының мамандары қатысты.
Safety Roadshow бағдарламасы аясында қатысушылар тәуекелдерді басқарудың өзекті мәселелерін, ұшу қауіпсіздігін басқару жүйелерінің (SMS) тиімділігін арттыруды, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді, сондай-ақ әртүрлі пайдалану жағдайларында тікұшақтардың ұшу жарамдылығын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Конференция барысында Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Ұшу жарамдылығы департаментінің коммерциялық әуе көлігі басқармасының басшысы – бас авиациялық инспектор Ермек Дәутбаев «Қазақстан Республикасында азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі ұйымдарды сертификаттау және сертификат беру қағидалары» тақырыбында баяндама жасады.
Конференция аясында күрделі климаттық және географиялық жағдайларда тікұшақтарды пайдалану бойынша практикалық тәжірибелер қарастырылып, ұшу және инженерлік-техникалық персоналды даярлау бағдарламаларын жетілдіру бағыттары, Орталық Азияның авиация мамандары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайту мен құзыреттерді дамыту, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік стандарттарын авиациялық ұйымдардың күнделікті қызметіне енгізу мәселелері талқыланды.