Кіру

Басты бет >
Қазақстан мен Қырғызстан авиациялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

19/10/2021

Қырғыз Республикасының Көлік және жолдар министрлігі жанындағы Азаматтық авиация мемлекеттік агенттігінің өкілдері Қазақстанға келді. Сапардың мақсаты - тәжірибе алмасу, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша елдер арасындағы өзара іс-қимыл және үйлестіру деңгейін арттыру.

Кездесу 2021 жылы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы жариялаған авиациялық қауіпсіздік мәдениеті жылына орайластырылды.

Қырғыз Республикасы Көлік және жолдар министрлігі жанындағы Азаматтық авиация мемлекеттік агенттігі төрағасының орынбасары Айбек Байышбаевтан, ҚР Көлік және жолдар министрлігі жанындағы Азаматтық авиация мемлекеттік агенттігінің авиациялық қауіпсіздік секторының меңгерушісі Шухрат Рустамовтан, "Манас халықаралық әуежайы" ААҚ авиациялық қауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары Нұрлан Бекбоевтан тұратын Қырғызстан делегациясымен кездесуде ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетімен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды, "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ құрылымы, сондай-ақ түрлі тәуекелдерді анықтау бойынша деректер базасын қамтитын Sunflower жүйесі арқылы авиация саласындағы цифрлық реттеу таныстырылды. Азаматтық авиация ұйымдарында авиациялық қауіпсіздік мәдениетін дамыту және енгізу мәселелері қаралды.

Авиация мамандарын даярлау бағдарламаларын іске асыру және азаматтық авиацияда авиациялық қауіпсіздік мәдениетін енгізудің бірыңғай әдістемесін әзірлеу кезінде авиациялық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және ілгерілету бойынша ұсыныстар талқыланды.

Тәжірибе алмасуға арналған жұмыс кездесу барысында екі елдің авиациялық қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілерінің Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылған практикасына сәйкестігі зерттелді. Инспекторлық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша консультациялар өткізілді.

Біздің елдерде азаматтық авиацияны заңсыз араласу актілерінен қорғау бойынша қабылданған шаралар, оның ішінде: күзетілетін аймақтарға кіруді бақылау шараларын жүзеге асыру, тексеру рәсімдерін, тексеру кезінде қолданылатын жабдық сапасын, қауіпсіздікпен байланысты персоналды және авиациялық қауіпсіздік саласындағы бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын персоналды оқыту, даярлау және қайта даярлау жүйесін жақсарту қаралды.

Қырғызстан делегациясы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында болып, онда әуежай периметрінің орнатылған қауіпсіздік жүйесімен, аумаққа кіруді бақылауды қамтамасыз етумен, борттағы тамақтану қауіпсіздігін және жүк пен пошта қауіпсіздігін қамтамасыз етумен танысты.