23/11/2021
2021 жылғы 21 қарашада бірінші рейстің ашылуы шеңберінде Қазақстан Республикасының Катардағы Елшілігі, "Эйр Астана" және "Qatar Airways" әуе компаниялары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы мен Катар мемлекетінің авиациялық билік орындарының екіжақты келіссөздері өтті.
Қазақстан делегациясын ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев және Катар делегациясын - Катардың авиациялық билік орындары президентінің міндетін атқарушы Мохамед Фалех Аль-Хаджри басқарды.
Келіссөздер барысында тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін, оның ішінде әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісім жобасын және екі ел арасындағы әуе қатынасын одан әрі кеңейтуді талқылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды, оған сәйкес әуе қатынасы туралы келісім жобасының мәтіні келісілді.
Айта кету керек, 2019 жылы ҚР мен Катардың авиациялық билік орындарының өткен келіссөздерінің қорытындылары бойынша осы айда Қазақстан мен Катар арасында тікелей әуе рейсі ашылды.