22/10/2026
ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығы аясында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) өкілдері жүк әуе тасымалдары саласында цифрлық технологияларды дамыту мәселелеріне арналған жұмыс кездесуін өткізді.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы жүктің авиациялық қауіпсіздік мәртебесі туралы ақпаратты беру кезінде қағаз құжаттардан бас тартуға, процестердің ашықтығын арттыруға және авиациялық логистика тізбегіне қатысушылар арасында деректер алмасуды жеделдетуге мүмкіндік беретін авиациялық қауіпсіздік туралы электрондық декларацияны (e-CSD) енгізу перспективалары болды.
Тараптар сондай-ақ қолданыстағы ақпараттық жүйелерді толық ауыстыруды қажет етпей, әуе компанияларының, әуежайлардың және мемлекеттік органдардың цифрлық өзара іс-қимылына жаңа мүмкіндіктер ашатын IATA ONE Record халықаралық стандартын талқылады.
IATA өкілдері ONE Record және e-CSD стандарттарын қолдану бойынша ықтимал пилоттық жоба аясында Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді. Қазақстан тарапы аталған технологиялардың перспективалылығын атап өтіп, оларды қолданыстағы ұлттық электрондық құжат айналымы жүйесі мен жүк әуе тасымалдарында пайдаланылатын e-Freight жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып, қолдану мүмкіндіктерін алдын ала зерделеу қажеттігін жеткізді.
Халықаралық цифрлық стандарттарды қолданудың техникалық және ұйымдастырушылық аспектілерін бағалау мақсатында сарапшылар деңгейіндегі консультацияларды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Мұндай бастамаларды енгізу халықаралық жүк әуе тасымалдары кезінде деректер алмасу мен оларды өңдеу процестерін жеңілдетуге және жеделдетуге, халықаралық цифрлық жүйелермен интеграцияны тиімді етуге, сондай-ақ шетелдік серіктестердің Қазақстандағы авиациялық қауіпсіздік рәсімдеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған стандарттарды қолдану ұлттық рәсімдерді халықаралық тәжірибемен үйлестіруге, авиация саласын одан әрі цифрландыруға және Қазақстанның өңірлік көлік-логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.