18/11/2026
ИКАО-ның 7-ші Дүниежүзілік авиациялық конференциясы (ATConf/7) аясында ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Гайана Кооперативтік Республикасының Коммуналдық қызметтер және авиация министрі Деодат Индардың кездесуі өтті.
Қазақстандық делегация басшысы елімізде ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға, мемлекеттік қадағалау жүйесін жетілдіруге және ұлттық авиациялық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған реформалар туралы баяндады.
Соңғы жылдары Қазақстанның ИКАО стандарттарын енгізуде айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізгені атап өтілді. Ұшу қауіпсіздігі саласындағы стандарттарға сәйкестік деңгейі 2009 жылғы 47%-дан 2025 жылғы аудит қорытындысы бойынша 82%-ға дейін өсті. Ал авиациялық қауіпсіздік стандарттарын тиімді іске асыру көрсеткіші 2009 жылғы 62%-бен салыстырғанда 95,7%-ға жетті.
Қазақстан 2017 жылдан бері «ашық аспан» саясатын жүзеге асырып, Орталық Азияда бұл режимді енгізген алғашқы ел атанды. Аталған режим шетелдік әуе компанияларына «әуе еркіндігінің бесінші дәрежесі» құқығын беруді және бағыттар, рейстер жиілігі мен әуе кемелерінің түрлері бойынша шектеусіз ұшу мүмкіндігін көздейді.
Тараптар азаматтық авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, авиациялық әкімшіліктер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту және Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) шеңберінде ортақ басымдықтарды ілгерілету перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар азаматтық авиацияны реттеу, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша одан әрі тәжірибе алмасуға және өзара іс-қимылды дамытуға мүдделілік танытты.