12/05/2026
Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Бразилия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрі Мауро Виейраның қатысуымен Қазақстан-Бразилия дөңгелек үстелі өтті.
Іс-шара екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ көлік және азаматтық авиация саласындағы өзара іс-қимылды нығайту перспективаларын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Дөңгелек үстел аясында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Embraer компаниясының Еуропа және Орталық Азиядағы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі вице-президенті Жуан Педру Таборданың екіжақты кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар авиация саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, соның ішінде сервистік инфрақұрылымды дамытуды, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді және қазақстандық әуе тасымалдаушыларымен өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.
Кездесуде Қазақстанда ұшақтары қолданылатын Embraer компаниясымен серіктестікті одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Қазақстан авиациялық қауіпсіздік саласындағы жоғары стандарттарды ұстанады, бұл ИКАО-ның аудиторлық тексерулерімен расталған. Біз бұл стандарттарды қолдауға және жетілдіруге ұмтыламыз және Embraer компаниясын осы мақсатқа жетудегі маңызды серіктес ретінде қарастырамыз», – деді С. Томпиева.
ААК басшысы ҚР Көлік министрлігінің заманауи авиациялық оқу орталығын құру жөніндегі бастамасын өңірлік авиациялық сараптаманы дамыту, ұшқыштар мен техникалық персоналды даярлау жолындағы маңызды қадам ретінде атап өтіп, осы бастама аясында Embraer компаниясымен ынтымақтастық орнату мүмкіндігін құптады.
Анықтама:
Embraer — 1969 жылы негізі қаланған әлемдегі ең ірі авиақұрылыс компанияларының бірі. Штаб-пәтері Бразилияның Сан-Паулу штатындағы Сан-Жозе-дус-Кампус қаласында орналасқан.
Embraer өз қызметі барысында 8 мыңнан астам әуе кемелерін шығарды және жеткізді. Олар әлемнің 70-тен астам елінде пайдаланылуда.
Қазақстанның Мемлекеттік тізілімінде 16 Embraer ұшағы тіркелген, олардың көпшілігі бизнес-авиацияда қолданылады.