28/05/2026
Бішкек қаласында (Қырғызстан) ИКАО Еуропалық аймағының шығыс бөлігінде метеорологиялық қызмет көрсетуді енгізу жөніндегі жобалық топтың 24-ші отырысы (PT/EAST/24) өтті.
Отырысқа Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Аэронавигация департаментінің авиациялық инспекторы Мақсат Түндебаев төрағалық етті. Қазақстан делегациясының құрамына Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің авиациялық инспекторлары мен «Қазаэронавигация» РМК өкілдері де кірді.
Іс-шара аясында IWXXM цифрлық форматында ақпарат алмасуға назар аудара отырып, Өңірлік (ROC) және Ұлттық жедел метеодеректер орталықтары (NOC) арасындағы жедел өзара іс-қимыл мәселелеріне арналған семинар ұйымдастырылды.
Кездесуге қатысушылар ұшуларды метеорологиялық қамтамасыз етуді жаңғыртудың, ROC орталықтары қызметінің нормативтік-құқықтық базасының, өңір мемлекеттерінде деректерді берудің IWXXM цифрлық форматын енгізудің өзекті аспектілерін, сондай-ақ әуе қозғалысының барлық қатысушыларының (авиакомпаниялар, әуежайлар, метеорологиялық қызметтер, әуе қозғалысын басқару қызметтері және т.б.) цифрлық өзара іс-қимылының жаһандық тұжырымдамасы болып табылатын SWIM ақпараттық ортасына кезең-кезеңімен өту перспективаларын жан-жақты қарастырды.
Делегаттар жаһандық өзгерістерді, соның ішінде Чикаго конвенциясының 3-ші Қосымшасына енгізілетін перспективалық түзетулерді және жаңа PANS-MET ережелерін егжей-тегжейлі талқылады.
Кеңес қорытындысы бойынша Жаһандық аэронавигациялық жоспарды және авиациялық жүйелерді блок бойынша жаңғыртуды (GANP/ASBU) іске асыру жөніндегі басым ұлттық және өңірлік қадамдар айқындалды. Сондай-ақ Метеорологиялық қамтамасыз ету тобының (METG) және Еуропалық аэронавигациялық жоспарлау тобының (EANPG) отырыстарында одан әрі ұсыну үшін жұмыс құжаттарының топтамасы пакеті қалыптастырылды.