09/06/2025
Канаданың Монреаль қаласындағы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) штаб-пәтерінде ИКАО-ның киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшылар тобының (CYSECP/4) төртінші отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстанның авиациялық әкімшілігі, «Қазаэронавигация» РМК және «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ өкілдері, сондай-ақ ИКАО-ға мүше мемлекеттер мен халықаралық және өңірлік ұйымдардың (EUROCONTROL, ACI, IATA, ASECNA, IFATCA, IFALPA, ECAC, CANSO, ITU және UNODC) өкілдері қатысты.
Гибридті форматта өткен отырыста жұмыс топтарының киберқауіптер мен тәуекелдерді талдау (WGCTR), киберқауіпсіздік бойынша стандарттар мен ұсынымдар әзірлеу (TF-CYSARPs), сондай-ақ ішкі қауіптерге қарсы іс-қимыл, инциденттерді басқару және авиация персоналын оқыту бойынша әдістемелік материалдар дайындау бағыттарындағы есептері ұсынылды. Талқылауларда ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесі (SMS) мен авиациялық қауіпсіздік жүйесіне (SeMS) киберқауіпсіздік элементтерін енгізу, сондай-ақ авиация және киберқауіпсіздік органдары арасындағы үйлестіру мәселелері қозғалды.
Қазақстан тарапынан «Азаматтық авиациядағы киберқауіпсіздікке жасанды интеллектінің ықпалы» атты WP/12 жұмыс құжаты ұсынылды. Құжатта авиациялық байланыс, басқару және қызмет көрсету жүйелерінде жасанды интеллектіні қолдануға байланысты туындайтын қауіптерге талдау жасалып, жасанды интеллект алгоритмдерінің ашықтығын қамтамасыз ету және жаңа киберқауіптерден авиациялық инфрақұрылымды қорғау бойынша ұсынымдар келтірілген.
Сондай-ақ нөлдік сенім архитектурасын (Zero Trust) енгізу, мемлекеттер мен авиациялық ұйымдар арасындағы киберинциденттер туралы ақпарат алмасу жүйелерін құру және авиакомпаниялар мен әуежайлар үшін киберқауіпсіздік бойынша пилоттық бақылау жобаларын іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Іс-шараның практикалық бөлігінде халықаралық қатысушылардың қатысуымен кибершабуылдарға ден қоюға арналған сценарийлік оқу-жаттығу өткізілді.
Қазақстанның ИКАО-ның киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшылар тобының жұмысына қатысуы республиканың халықаралық ынтымақтастықты, тәжірибе алмасуды және үздік тәжірибелерді енгізуді жалғастыра отырып, ұлттық авиациялық инфрақұрылымның киберқауіптерге төтеп беру қабілетін арттыруға ұмтылысын айқындайды.