Кіру

Басты бет
Қазақстан ИКАО халықаралық алаңында авиациялық ағылшын тілі саласындағы ұлттық тәжірибесін таныстырды

22/05/2026

Қазақстандық делегация Парижде өтіп жатқан Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Авиациялық ағылшын тіліне қойылатын талаптарды енгізу жөніндегі мақсатты тобының (LPRI TF) 48-ші кеңесіне қатысуда.

Кеңес жұмысына 20-дан астам мемлекеттен 60-тан астам сарапшы, сондай-ақ EUROCONTROL, IFATCA және IFALPA өкілдері қатысуда. Қазақстан атынан «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ, «Air Astana» АҚ, «SCAT» АҚ, «Қазаэронавигация» РМК және «Азаматтық авиация академиясы» АҚ делегациясы қатысып жатыр. «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-дан лицензиялау департаментінің директоры Әділжан Сұлтанов пен аға авиациялық инспектор Мадияр Қаражанов қатысуда.

Іс-шара аясында қазақстандық мамандар авиациялық ағылшын тілі деңгейін қолдау, адами фактордың әсері және бағалау рәсімдерін жетілдіру мәселелеріне арналған үш баяндама ұсынды.

Сондай-ақ «Air Astana» АҚ тілдік бағалау саласындағы отандық мамандардың кәсіби сараптамасының жоғары деңгейін көрсететін, өз күшімен әзірленген және енгізілген English Proficiency Testing System (EPTS) тестілеу жүйесін таныстырды.

Бұдан бөлек, кеңес барысында Қазақстан өкілдерінің қатысуымен дайындалған жерүсті персоналға арналған радиоалмасу жөніндегі нұсқаулықтың жобасы ұсынылды. Сонымен қатар ұшуды іздестіру-құтқару жұмыстарымен қамтамасыз етуге тартылған мамандар үшін ағылшын тілі деңгейін бағалау критерийлерін қалыптастыру тәсілдері талқыланды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда TEA, TEAC, TEC, ELPAC және EPTS жүйелерін қолданатын бес тестілеу ұйымы жұмыс істейді. Отандық мамандардың LPRI TF жұмысына қатысуы Қазақстанның авиациялық персоналдың тілдік дайындық жүйесін дамыту және ИКАО-ның халықаралық стандарттарын енгізу бағытындағы жүйелі қызметін айқындайды.