Кіру

Басты бет
Қазақстан ИКАО аудитінен өтуге жүйелі тәсіл танытуда

13/04/2026

Самарқандта Орталық Азия өңірі мен Кавказ елдерінің авиациялық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіру тобының кеңесі өтті. Іс-шараға өңір мемлекеттерінің авиациялық әкімшіліктерінің, сондай-ақ авиация саласындағы ұйымдар мен операторлардың өкілдері қатысты.

ИКАО авиациялық қауіпсіздік бойынша аудитін дайындау және өту мәселелеріне басты назар аударылды. Қазақстан Республикасының делегациясы қадағалау жүйесінің маңызды элементтерін орындау, соның ішінде ИКАО стандарттарын іске асыру және аудит қорытындысы бойынша түзету іс-шараларын жүргізу тәжірибесін ұсынды.

Бұдан бөлек, Қазақстан қадағалау іс-шараларының басымдығы мен кезеңділігін айқындауға, сондай-ақ қауіп-қатер деңгейіне қарай әуе кемелерін тінту немесе тексеру жүргізу қажеттілігін негіздеуге мүмкіндік беретін тәуекелдерді бағалаудың ұлттық жүйесін көрсетті. Ұсынылған тәсілдер тәуекелдерді басқарудың тиімді және тәжірибеге бағытталған құралы ретінде оң бағаланды.

Кеңес барысында тексеріп-қараудың заманауи технологияларын енгізу, соның ішінде жасанды интеллектіні пайдалану, адами фактордың әсері, әуежайлардағы сапаны корпоративтік бақылау, сондай-ақ жүктердің, поштаның және борттық қорлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. 

Сондай-ақ, персоналды даярлау және тексеру операторларын бағалаудың заманауи әдістерін және қауіпсіздік шараларын өзара тану тәсілдерін қоса алғанда, оқыту жүйелерін дамыту мәселелері талқыланды.

Кеңес жұмысы барысында 2026 жылға арналған Үйлестіру тобының төрағасы мен Төрағасының орынбасары – сәйкесінше Грузия мен Өзбекстан сайланды.