Кіру

Басты бет
Қазақстан ИКАО алаңында авиациялық қауіпсіздік саласындағы өңірлік ынтымақтастықты ілгерілетуде

14/04/2026

Қазақстан Республикасы Канададағы Монреаль қаласында орналасқан ИКАО штаб-пәтерінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымы ұйымдастырған Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар панелінің отыз жетінші отырысына (AVSECP/37) қатысты.

Отырыс барысында ИКАО-ның іске асыруды қолдау және әлеуетті арттыру бастамасы аясында Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің Авиациялық қауіпсіздік департаментінің бас авиациялық инспекторы, ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар панелінің оқыту жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Рустем Қабанбаев Қазақстан Республикасы атынан «Өңірлік ынтымақтастықты нығайту: Орталық Азия және Кавказ елдерінің авиациялық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіру тобының Қазақстан Республикасын ICAO USAP-CMA аудитіне дайындаудағы рөлі» тақырыбындағы жұмыс құжатын ұсынды. Атап айтқанда, авиациялық қауіпсіздік саласындағы қадағалауды жақсарту және ICAO-ның Қауіпсіздік аудитінің әмбебап бағдарламасына – үздіксіз мониторинг тәсіліне (USAP-CMA) дайындықты қамтамасыз етуде өңірлік ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді.

Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіру тобы 2021 жылы Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында білім алмасуды, әлеуетті арттыру бастамаларын және қауіпсіздік шараларын үйлестіруді дамыту мақсатында құрылған.

AVSECP/37 қатысушылары Қазақстан Республикасының қорытындыларын жоғары бағалап, өңірлік ынтымақтастықты авиациялық қауіпсіздіктің жаһандық тұрақтылығын нығайтудың негізгі факторы ретінде таныды. Қазақстанның үлесі өңірдегі тиімді өзара іс-қимыл мен көшбасшылықтың үлгісі ретінде атап өтілді.

Отырыс барысында авиациялық қауіпсіздік саласындағы бірқатар өзекті мәселелер, оның ішінде жаңа қауіп-қатерлер, саясат пен реттеудегі өзгерістер, инновациялар мен әлеуетті арттыру стратегиялары қарастырылды. Бұл ИКАО-ның қауіпсіз әрі сенімді халықаралық әуе көлігін қамтамасыз ету жөніндегі миссиясын одан әрі нығайтты.

Қазақстан авиациялық қауіпсіздікті арттыру және қауіпсіз авиациялық ортаны қалыптастыруға бағытталған жаһандық күш-жігерді қолдау мақсатында ИКАО және халықаралық серіктестермен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға бейілді.