Кіру

Басты бет >
Қазақстан делегациясы Канадада өткен жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасы (TRIP) бойынша 17 Симпозиум мен көрмеге қатысты

17/09/2022

Құрамында "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ, "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ және "Turkistan International Airport" ЖШС өкілдері бар қазақстандық делегация Канаданың Монреаль қаласында ИКАО Халықаралық азаматтық авиация ұйымы өткізген жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасы (TRIP) бойынша 17 симпозиум мен көрмеге қатысты (13-15 қыркүйек).

ИКАО TRIP стратегиясы авиациялық қауіпсіздіктің және рәсімділіктерді оңайлатудың негізгі бағыттарының бірі, сондай-ақ ИКАО-ның бес стратегиялық мақсаттарының бірі болып саналады. TRIP стратегиясының негізін құрайтын нормативтік база бұл 9 Қосымша – рәсімділіктерді оңайлату болып табылады.

TRIP бағдарламасына қатысты өткен Симпозиум жолаушыларды сәйкестендіру процесін басқарудың барлық аспектілері бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін әлемдік деңгейдегі іс-шара болып табылады. Биылғы симпозиум "Үздіксіз және байланыссыз процестер: қалпына келтіру қарқынын жеделдету үшін мәліметтер алмасу" деп аталды. Оның әр түрлі сессияларында халықаралық ынтымақтастық пен жолаушылар үшін сапарларды жеңілдету ісіндегі өзара іс-қимылды нығайту және халықаралық азаматтық авиация тап болатын көптеген қауіп-қатерлерге қарсы тұру қажеттілігі туралы бірнеше рет баса айтылды.

Жалпы алғанда, симпозиум 9 сессиядан тұрды: авиацияны қалпына келтіру – халықаралық және аймақтық перспективалар; TRIP ИКАО бағдарламасының стратегиясындағы соңғы өзгерістер – процедураларды жеңілдетудегі инновациялар және саяхаттардың болашағы; ұлттық сәйкестендіруді басқарудың жетілдірілген тәжірибесін қолдау; ИКАО-ның машинамен тексерілетін жол жүру құжатарының стандарттары мен сипаттамалары: жол жүру құжаттарының тұтастығы; денсаулық сақтау; шекаралық бақылау: инспекциялық жүйелер мен құралдар және өзара әрекеттесетін қосымшалар; жолаушылар туралы деректер: саяхатшыларды сәйкестендіру және тәуекелдерді бағалау; әлеуетті арттыру және ИКАО тарапынан мемлекеттерге көмек; қалпына келтіруді жеделдету үшін жіксіз және байланыссыз процестерге қол жеткізу – алға апаратын жол.

Осы іс-шара шеңберінде ИКАО алаңында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі бас директорының авиациялық қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Д. Еспотановтың және ИКАО әуе тасымалдары Бюросының формальдылықтарды жеңілдету бөлімінің басшысы Н. Абденнеби ханымның кездесуі өтті. ИКАО бастамасы бойынша Қазақстан Республикасы 2023 жылы өткізілетін жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасы (TRIP) бойынша 18-ші симпозиум мен көрмені өткізу үшін кандидаттардың бірі болып таңдалды. Қазақстандық тарап аталған іс-шараны Қазақстанның рухани астанасы Түркістан қаласында өткізуді ұсынды. Ел таңдау туралы соңғы шешімді ИКАО ағымдағы жылдың қараша айында жариялайды.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы ИКАО әуе тасымалдары кезінде рәсімділіктерді оңайлату жөніндегі ұлттық бағдарламаны (NATFP) әзірлеуді және саяхатшыларды сәйкестендіру бағдарламасы (TRIP) бойынша ИКАО стратегиясын іске асыруды қоса алғанда, мүше мемлекеттерге рәсімділіктерді оңайлатудың 9 Қосымшасының стандарттары мен ұсынылатын практикасын іске асыруда көмек көрсету шеңберінде Қазақстан Республикасына өтеусіз негізде 12 қатысушыға арналған мамандандырылған курс ұсынғанын атап өту қажет. Бұл оқыту халықаралық рейстерді рәсімдеуге тартылған Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары арасында бөлінетін болады.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Қазақстан Республикасының Канададағы елшілігіне Елші А. Камалдиновтың, сондай-ақ елшіліктің кеңесшісі Н. Габдыжамаловтың көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғыс білдіреді.