Кіру

Басты бет >
Қазақстан делегациясы авиациялық құқық бойынша маңызды форумға қатысты

17/12/2024

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің өкілдері Лондонда өткен азаматтық авиация заңгерлерінің үшінші форумына (CALAF/3) қатысты. Форумды Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) және ИКАО атынан Ұлыбританияның азаматтық авиация басқармасы (UK CAA) ұйымдастырды.

Шара халықаралық авиациялық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылау үшін бас директорларды, авиация департаменттерінің басшыларын және авиациялық құқық саласындағы жетекші сарапшыларды біріктірді.

Форумды ресми түрде ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Салазар, Ұлыбритания CAA төрағасы сэр Стивен Хиллиер және Ұлыбритания CAA атқарушы директоры Роб Биштон ашты.

«Азаматтық авиацияның заң кеңесшілерінің форумы бүкіл әлем бойынша авиацияның трансформациясын бағыттайтын құқықтық базаны қалыптастыратын жетекші халықаралық іс-шараға айналды», – деді Хуан Карлос Салазар өз сөзінде.

Қазіргі халықаралық азаматтық авиацияның негізін қалаған тарихи келісім Чикаго конвенциясының 80 жылдығына арналған форум айтулы оқиға болды. Іс-шара осы маңызды кезеңді атап өтуге арналған есте қаларлық панельді талқылауды қамтыды, ол халықаралық авиация құқығының негізін қалаушы қағидаттарына адал бола отырып, заманауи сын-қатерлерге бейімделу қабілетін көрсетеді.

Іс-шараға еліміздің атынан Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің ұшу қауіпсіздігін басқару, сапа, стратегия және стандарттарға сәйкестік департаментінің аға директоры Жанат Әбдіғалімов пен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің авиациялық заңнама бөлімінің бастығы Жәлел Жүзбаев қатысты.

Форумда халықаралық авиацияның болашағын қалыптастыратын үздік нормативтік-құқықтық тәжірибелер бойынша талқылаулар өтті. Негізгі тақырыптарға тұрақты даму, авиациялық реттеуге жасанды интеллект енгізу, аэронавигацияны қолдану механизмдері және сот ісін жүргізуде қауіпсіздік ақпаратын пайдалану кірді. Іс-шарада сондай-ақ авиациялық қауіпсіздікті жақсарту үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы айтылды.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылар авиациялық реттеуге экологиялық таза тәжірибені енгізуге бағытталған идеялары мен инновациялық тәсілдерімен бөлісті. Авиациядағы қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қолдаудың негізі болып табылатын халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сенімді заң стандарттарын қамтамасыз етудегі заң кеңесшілерінің маңызды рөлі атап өтілді.