10/02/2026
Мадрид қ. (Испания) авиациялық оқиғалардан зардап шеккендерге және олардың отбасыларына көмек көрсету мәселелеріне арналған ECAC–ICAO EUR/NAT «Supporting air accident victims and their families through Family Assistance Plans» өңірлік семинары өтті. Аталған іс-шараға Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің, «Air Astana» АҚ-ның, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-ның өкілдері қатысты.
Семинарға мемлекеттердің уәкілетті органдары, авиациялық әкімшіліктер, әуекомпаниялар, әуежайлар және зардап шеккендер отбасыларының қауымдастықтарын қоса алғанда, 70-тен астам қатысушы жиналды. Іс-шара барысында халықаралық үздік тәжірибелер, бұрынғы авиациялық оқиғалардан алынған сабақтар, сондай-ақ зардап шеккендер мен олардың отбасыларын қолдауда мемлекет пен авиация саласының рөлі талқыланды.
Іс-шара барысында қазақстандық спикерлер – Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің формальдылықты оңайлату департаментінің директоры Всеволод Ким, «Air Astana» АҚ-ның Төтенше жағдайларда әрекеттену жөніндегі супервайзері Толғанай Абдуллаева, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-ның пайдалану қызметі департаментінің директоры Қайрат Жұматаев баяндамалар жасады.
Сарапшылар қазақстандық мамандардың жұмысын жоғары бағалап, ұсынылған материалдардың практикалық маңыздылығын және зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету барысында әуежайлар мен әуекомпаниялар арасындағы өзара іс-қимылды талқылауға қосқан үлесін атап өтті.
Қазақстан өңірлік деңгейде Family Assistance Plans жүйесін дамытуға қатысуды және үздік тәжірибелермен алмасуды жалғастырады.