Кіру

Басты бет
Азаматтық авиацияны оқыту және кадрлық ресурстарды жоспарлау мәселелері бойынша ИКАО өңірлік семинары Алматыда өтеді

03/11/2025

 

2025 жылдың 5–6 қарашасы аралығында Алматы қаласында Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы (ИКАО) Еуропа және Солтүстік Атлантика бюросының (EUR/NAT) азаматтық авиацияны оқыту және кадрлық ресурстарды жоспарлау мәселелері жөніндегі өңірлік семинары өтеді.

Семинарға ИКАО EUR/NAT бюросының Өңірлік директоры Николас Ралло қатысады. Іс-шара авиациялық кадрлық әлеуетті дамыту, тәжірибе алмасу және ICAO NGAP бағдарламасына сәйкес келетін өңірлік және ұлттық стратегияларды талқыла авиация саласының мамандарын, оқу ұйымдары мен ғылыми қауымдастықтарының өкілдерін біріктіретін болады.

Панельдік сессияларда халықаралық сарапшылар баяндама жасайды, олардың қатарында: JAA TO Еуропалық үздік тәжірибе орталығының директоры Паула В. де Алмейда, Eurocontrol әуе кеңістігі және жүйелер жөніндегі атқарушы менеджері Милена Боуман, GATE Aviation Training бас директоры Дирх Янс, ENAC вице-президенті Николя Казалис, ACI World оқу және серіктестік бағдарламаларының директоры Исса Кастро, Сингапур авиациялық академиясының деканы Тай Тианг Гуан, Инчхон әуежайы авиациялық академиясының кадрларды дамыту бөлімінің директоры Вон Сун Пак, AeroShift негізін қалаушы Дэвид Мерсер және басқа да мамандар бар.

Семинардың негізгі тақырыптары: өңірлік дағдылар мониторингі, кадрларға деген сұранысты болжау құрылымын қалыптастыру; авиацияның трансформация жағдайында мамандардың икемділігін және білімдерінің өзектілігін сақтау; сондай-ақ EUR/NAT аймағында ИКАО NGAP («Авиация мамандарының келесі буыны») бағдарламасының сәтті жүзеге асырылуының мысалдарын талқылау.  

 

ИКАО EUR/NAT – ИКАО-ның Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық бюросы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының бөлімшесі болып табылады, оның құрамына ИКАО-ға мүше 193 елдің ішінде Қазақстан Республикасын қоса алғанда, аймақтағы 56 мемлекет кіреді.