21/09/2022
«KAZLOGISTICS» Қазақстан көлік тасымалдаушылары одағының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған «New Silk Way» V Халықаралық көліктік-логистикалық бизнес форумы аясында «Азаматтық авиация саласын дамыту бағыттары» тақырыбында панельдік сессия өтті.
Жиынға Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің Бас директоры Каталин Раду, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ Президенті Эрсой Альп Эр Тунга, «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Д. Хамзин, «Эйр Астана» АҚ вице-президенті А. Дәулетбек, «SCAT» әуе компаниясы» АҚ-ы халықаралық және мемлекеттік авиакомпания ұйымдарымен жұмыс жөніндегі департамент директоры Н. Жақыпов және тағы да басқа сала мамандары қатысты.
Сонымен қатар сессия жұмысына Қазақстан аумағында тұрақты жолаушы және жүк тасымалдарын орындайтын бірқатар шетелдік әуе компания (Turkish Airlines, Asiana Airlines, Silk Way West, Fly Dubai, Qatar Airways және т.б.) өкілдері де келді.
Жиынға модераторлық жасаған ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев осы тақілеттес басқосулар саланың дамуына оң ықпал ететінін және өзара пікір алмасуға тиімді алаң болатынын атап өтті.
Көліктік-транзиттік әлеуетті дамыту – Қазақстанның экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі. Транзиттік қуатты нығайту үшін заманауи тұрғыдан жарақталған, жолаушылар мен жүк тасымалдау барысында тұтынушылар сұранысын толық қанағаттандыратын логистикалық инфрақұрылымның болуы өте маңызды рөл атқарады.
Панельдік сессияның күн тәртібінде азаматтық авиация саласындағы бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, сарапшылар мен сала мамандары ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушылар және жүкті әуе көлігі арқылы тасымалдауды дамыту, әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту және әлемдік авиация жүйесімен интеграциялық қарым-қатынастарды арттыруды назарға алды.
Мамандардың пайымдауынша, мемлекеттік органдар, азаматтық авиация нысандары мен ішкі экономикалық факторлардың ықпалынан салада оң көрсеткіштер байқалады. Спикерлер транзиттік қуатты одан әрмен арттыру бағытында тиімді жағдайлар құру үшін осы тараптағы өсім серпінін сақтаудың маңызды екендігіне де тоқталды.
Сессия қорытындысы бойынша оған қатысушылар жиында көтерілген мәселелердің тиісті шешім табуына бірлесе атсалысып, қолға алынған жобалардың сәтті жүзеге асуына ықпал етуге уағдаласты.
Бұл шаралар әуе көлігі арқылы транзиттік тасымалдың артуына тың серпін бермек.