Кіру

Басты бет >
Азаматтық авиация саласындағы заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және ресімдеу рәсімдері мәселелері бойынша семинар өткізілді

07/09/2023

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде (ҚАӘ) «Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау: тәртібі мен ерекшеліктері» тақырыбында семинар өтті.

Онлайн және офлайн форматта өткен семинарға ҚАӘ-нің 30-ға жуық қызметкері, оның ішінде стандарттау жөніндегі мамандар және азаматтық авиация саласындағы НҚА жобаларын әзірлеуге тікелей қатысатын құрылымдық бөлімшелердің басқа да қызметкерлері қатысты.

Семинар аясында Ұшу қауіпсіздігін басқару, сапа, стратегия және стандарттарға сәйкестік департаментінің Авиациялық заңнама бойынша басқармасының басшысы Жәлел Жүзбаев және де осы басқармасының менеджері Камила Садыкова баяндама жасады. Сонымен қатар, семинарға Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің (ААК) өкілдері: Мұққалиева Замира - авиациялық персонал қызметі жөніндегі басқармасының басшысы, Ибрашева Әйгерім - құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы, Абдулкадыр Мағауия - авиакомпаниялар қызметі басқармасының бас сарапшысы қатысты.

ҚАӘ-нің ішкі рәсімдеріне сәйкес ҚАӘ-нің НҚА жобаларын әзірлеудің негізгі мақсаты ұлттық заңнаманы ИКАО стандарттары мен ұсынатын практикасына сәйкес келтіру, азаматтық авиация саласының жекелеген бағыттары бойынша озық халықаралық тәжірибені енгізу және т. б. болып табылады.

Семинарда: мемлекеттердің нақты пайдалану ережелерін қабылдауы бойынша ИКАО-ның стандарттары; заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу кезінде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның өзара іс-қимылы; заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді жоспарлау, дайындау рәсімдері; заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын ресімдеуге қойылатын талаптар және басқа да мәселелер ашылды.

Соңғы жылдары ҚАӘ-і ұшуға жарамдылық, әуе кемелерін ұшуды пайдалану, авиациялық қауіпсіздік, медициналық қамтамасыз ету, аэронавигациялық қызмет көрсету, авиациялық персоналды лицензиялау, аэродромдарды сертификаттау, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді сертификаттау және т. б. мәселелер бойынша заңға тәуелді НҚА жобаларын әзірлеу бойынша үлкен жұмыс атқарды. 2019-2023 жылдар аралығында барлығы 100-ден астам жоба әзірленді, олардың басым бөлігін ААК мақұлдады және Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі деңгейінде бекітті.

Сондай-ақ, семинарда заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын ресімдеудің көрнекі мысалдары, сондай-ақ ААК және басқа да

мемлекеттік органдар мен ұйымдар тарапынан жобалар бойынша жиі кездесетін ескертулердің мысалдары келтірілді.

ААК-тың өкілдері ҚАӘ әзірлейтін және ААК-тың қарауына енгізілетін НҚА жобаларының сапасын одан әрі жақсарту, уақтылы әзірлеу мәселелері бойынша сөз сөйледі, сондай-ақ семинарға қатысушылардың түрлі сұрақтарына, оның ішінде НҚА әзірлеу кезінде тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жөніндегі сұрақтарға жауап берді.

Семинар қорытындысы бойынша іс-шараға қатысушылар арасында пікір алмасу өтті.