Кіру

Басты бет
Азаматтық авиация академиясына – 30 жыл

09/12/2025

Азаматтық авиация академиясының 30 жылдығы – Қазақстанның бүкіл авиация саласы үшін маңызды оқиға. Үш онжылдық ішінде Академия шағын оқу орнынан саланың кәсіби стандарттары мен даму бағдарын айқындайтын елдің жетекші білім беру және ғылыми орталығына айналды.

Мерейтойлық іс-шараға авиация саласының өкілдері, ғылыми қауымдастық, Академияның серіктестері, авиациялық кәсіпорындардың басшылары, Академия түлектері, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҚР Көлік министрлігінің өкілдері қатысты.

ИКАО EUR/NAT Аймақтық директоры Николас Ралло Академияға құттықтау хатын жолдап, оқу орнының болашақ авиация мамандарын даярлау орталығы ретіндегі маңыздылығын, оның жоғары стандарттарға берілгендігін және азаматтық авиацияның жаһандық дамуына қосқан үлесін атап өтті.

Жұмыс істеген жылдары Академия мыңдаған мамандарды: ұшқыштарды, авиациялық инженерлерді, әуе қозғалысын басқару диспетчерлерін, ұшу қауіпсіздігі жөніндегі сарапшыларды және басқару кадрларын даярлады. Бүгінде Академия түлектері Қазақстанның және шетелдің азаматтық авиациясының барлық негізгі буындарында еңбек етіп, жолаушылардың қауіпсіздігін, әуе қатынасының тұрақтылығын және саланың технологиялық дамуын қамтамасыз етіп келеді.

Құрылған сәттен бастап Академия ауқымды жаңғыртудан өтіп, ICAO және EASA стандарттары бойынша даярлау жүйесін қалыптастырды, сондай-ақ авиация саласындағы ғылым, цифрландыру және жаңа технологияларды дамытудағы негізгі орталықтардың біріне айналды.

Көлік министрінің атынан ҚР Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева саланың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтық авиация өкілдеріне Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттарды және «Құрметті авиатор» төсбелгілерін табыс етті.

Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – Академияның тарихындағы негізгі кезеңдер, жетістіктер, оқытушылардың үлесі және түлектердің табыс тарихы қамтылған «Азаматтық авиация академиясына – 30 жыл» кітабының таныстырылымы болды.

Академияның мерейтойына орай Қазақстан, Әзербайжан, Вьетнам, Қытай, Қырғызстан, Латвия, АҚШ, Ресей, Тәжікстан, Түркия және Өзбекстан ғалымдарының қатысуымен ISATECH’25 халықаралық симпозиумы өтті.

Отыз жылдық мерейтой – Қазақстанның азаматтық авиациясы үшін жоғары білікті кадрлардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында білім берудің инновациялық технологияларын енгізуді, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды және ғылыми зерттеулерді дамытуды қамтитын Академия дамуының жаңа кезеңінің бастауы.