30/12/2021
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті үшін 2021 жылдың маңызды жетістіктерінің бірі ИКАО-ның Үйлестірілген валидациялық миссиясы (ICVM) шеңберінде ИКАО аудиторларының саланы табысты тексеруі болды.
Тексеру қорытындысында Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84% дейін көтерді. Бұл орташа әлемдік көрсеткіштен 15% жоғары. Аталған көрсеткіш бойынша еліміз Нидерланды – 87%; Бельгия – 87%; Португалия – 87%; Чехия – 87%; Латвия – 86%; Дания – 85%; Исландия – 84%; Польша – 84%; Словения - 82%, Кипр - 82% сияқты елдермен бір қатарда.
Саланы тексеру мақсатында Еуропалық комиссияның Еуропалық Одақ елдерінің авиациялық қауіпсіздік жөніндегі агенттігі мен авиациялық билік өкілдерінің және АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігі (TSA) сарапшыларының сапарлары ұйымдастырылды.
АҚШ-тың авиациялық сарапшылары Министрліктің, авиациялық реттеушінің және әуежайлардың үйлесімді жұмысын бағалап, аудиторлар алдында ашықтығын атап өтті.
"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ бақылау-қадағалау функцияларын іске асыру шеңберінде 16 әуежайды сертификаттау және 32 инспекциялық тексеру жүргізді.
Авиация мамандарына куәлік беру бойынша 2 500-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. 9 авиациялық оқу орталығы сертификаттаудан өтіп, 17 инспекциялық тексеру жүргізілді.
Биыл Qazaq Air әуе компаниясының әуе кемесі Аруба тізілімінен Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің тізіліміне қайта тіркелді.
2021 жылы Қазақстан Азаматтық авиацияның еуропалық конференциясына бақылаушы мәртебесіне ие болды және ЕСАС-қа қабылданған ТМД-ның үшінші елі болды.
Ішкі тасымалдар көлемі пандемияға дейінгі деңгейде қалпына келтіріліп, асып түсті.
Ішкі туризмді дамыту шеңберінде Түркістан, Алакөл, Балқаш, Щучье-Бурабай курорттық аймағы сияқты туристік дестинацияларға әлеуметтік маңызы бар рейстер орындалады.