15/04/2025
Канаданың Монреаль қаласындағы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) штаб-пәтерінде Авиациялық қауіпсіздік панелінің (AVSECP/36) 36-шы сессиясы өтті. Оған ИКАО-ға мүше мемлекеттердің, халықаралық және өңірлік авиациялық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік саласындағы жетекші сарапшылар қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты авиациялық қауіпсіздік саласындағы ағымдағы сын-қатерлер мен қауіптерді талқылау, сондай-ақ олардың алдын алу және барынша азайту бойынша келісілген тәсілдерді әзірлеу болды.
Қатысушылар кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға 17-қосымшаның стандарттары мен ұсынылатын практикасын (SARPs) одан әрі енгізуді, ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында тексерулер жүргізу жөніндегі әмбебап бағдарламасы (УППАБ-МНМ) шеңберіндегі үздіксіз мониторинг тетігін, авиациялық қауіпсіздік саласындағы әмбебап аудит бағдарламасын іске асырудың тиімділігін бағалауды қарастырды (USAP-CMA), авиациялық оқу орталықтары желісін (ASTC) TRAINAIR PLUS бағдарламасына біріктіру мәселелері, институционалдық әлеуетті дамыту және мемлекеттер арасында озық тәжірибе алмасу, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіне инновациялық технологиялар мен заманауи шешімдерді енгізу.
Қазақстан қатысушылар арасында қызу пікірталас тудырған екі жұмыс құжатын ұсынды. Олардың бірі, «ASTC желісін Trainair Plus бағдарламасына біріктірудің орынсыздығы» коммерциялық TPP үлгісін енгізу авиациялық қауіпсіздік бойынша маман даярлаудың қолжетімділігіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. «Азаматтық авиация қауіпсіздігіне әскери қауіптер туралы мәліметтермен міндетті түрде алмасу» тақырыбындағы баяндамада азаматтық әуе кемелеріне ықтимал қауіптер туралы ақпаратпен уақтылы алмасудың жүйелі халықаралық тетігінің қажеттілігі атап өтілді.
Сессияда ИКАО-ның нормативтік құжаттарын жаңарту бойынша ұсыныстар қаралды және одан әрі қарау үшін ИКАО Кеңесіне ұсынылатын бірқатар ұсынымдар бекітілді.
AVSECP/36-ға қатысу халықаралық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және ИКАО-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіз және тұрақты жаһандық авиация жүйесін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін растады.