31/01/2026
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде кәсіби мереке – Қазақстан Республикасының Азаматтық авиация қызметкерлері күніне орай авиациялық қауіпсіздік мәселелері бойынша жыл сайынғы қорытынды кеңес өтті.
Іс-шара әуежайлар, әуе компаниялары және «Қазаэронавигация» РМК авиациялық қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің еңбегін бағалауға, сондай-ақ мемлекеттік органдармен үйлесімді өзара іс-қимыл нәтижелерін қорытындылауға арналды. Ведомствоаралық тиімді үйлестіру мен кәсіби жұмыс авиациялық қауіпсіздік саласында қолжеткізілген нәтижелердің негізгі факторына айналды. Қазақстанда авиациялық қауіпсіздік бойынша халықаралық стандарттарды енгізу деңгейі 95,7 %-ды құрайды.
Авиациялық қауіпсіздік қызметінің мамандары күн сайын өздеріне жүктелген жауапты міндеттерді орындай келе, жолаушылардың, экипаждардың және азаматтық авиация нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Олардың еңбегі жоғары жинақылықты, төзімділік пен кәсібилікті талап етеді және көп жағдайда жолаушыларға байқала бермейді. Дәл осы қызметкерлердің үйлесімді әрі адал жұмысының арқасында авиациялық қауіпсіздік жүйесінің тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясына деген сенім сақталады.
Авиациялық қауіпсіздік қызметінің бір қатар қызметкерлері алғыс хаттармен және «АҚҚ ардагері», «АҚҚ құрметті қызметкері», «АҚҚ саласындағы кәсібилігі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.
Сонымен қатар кеңес барысында авиациялық қауіпсіздік жөніндегі нұсқаулық материалдарды қайта қарау және жаңарту, ұлттық сараптамалық әлеуетті нығайту сияқты нормативтік-құқықтық базадағы негізгі өзгерістер атап өтілді.
Жаңа қауіп-қатерлерді, жолаушылар ағынының өсуін, жаңа әуежайлардың ашылуын және авиациялық хабтардың дамуын ескере отырып, 2026–2027 жылдарға арналған басым бағыттар айқындалды. Соның ішінде Азаматтық авиация академиясының қатысуымен авиациялық қауіпсіздік саласы үшін кадр даярлау жүйесін дамыту көзделген.
Бұдан бөлек, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануға байланысты қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелері және осы бағыттағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктері қаралды.
Кеңес қорытындысында Қазақстан Республикасымен Америка Құрама Штаттары арасында тікелей тұрақты рейстер ашу жобасы аясында TSA аудитінен өтуге дайындық жоспарларына қатысты мәселелер пысықталды.