Кіру

Басты бет
Авиация саласының тұрақты өсімі: 10 айдың қорытындылары

19/12/2025

2025 жылдың он айында Азаматтық авиация комитетінің қызметі саланың орнықты дамуын қамтамасыз етуге, ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыруға және азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіруге бағытталды.

2025 жылдың 10 айында әуежайларда әуе көлігімен 26,6 млн жолаушыға қызмет көрсетілді, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық. Оның ішінде 13,1 млн жолаушы отандық әуе компанияларымен тасымалданды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,1%-ға көп.

Сонымен қатар, есепті кезеңде әуежайларда өңделген жүк көлемі 140 мың тоннаға жетті, оның ішінде отандық әуе компаниялары тасымалдаған жүк көлемі 23,8 мың тоннаны құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,3%-ға артық.

Ішкі әуе бағыттарының саны 60 бағытты құрап, аптасына 821 рейс жиілігімен орындалды.

Халықаралық маршруттық желі 30 елді қамтитын 131 бағытқа дейін кеңейтіліп, аптасына жалпы 616 рейс орындалды.

2025 жылғы шілде айында Қазақстан Республикасына Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитаноның ресми сапары өтті. Бұл сапар ИКАО Кеңесі Президентінің Қазақстанға жасаған тарихтағы алғашқы ресми сапары болды.

 

Ағымдағы жылдың 2–14 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасының аумағында авиациялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ИКАО аудиті жүргізілді.

Тексеру қорытындысы бойынша ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7%-ды құрады, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (72%) және ортаеуропалық деңгейден (88%) едәуір жоғары. Қазақстанның көрсеткіші ТМД елдері арасында ғана емес, ИКАО-ның Еуроазиялық өңірінде де ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады (Грузия – 89,75%, Өзбекстан – 85,47%, Беларусь – 91,85%, Қырғызстан – 85,7%, Әзербайжан – 74,66%, Албания – 68,74%, Түркия – 77,59%).

Мемлекет басшысының АҚШ-қа жасаған сапары аясында «Air Astana» әуе компаниясы мен Boeing компаниясы арасында бұрын тапсырыс берілген үш әуе кемесіне қосымша 15 Boeing 787–9 Dreamliner ұшағын жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды. 18 Boeing 787–9 әуе кемесінен тұратын әуе паркінің жалпы құны 7 млрд АҚШ долларын құрайды.

Әуе паркінің толықтырылуы Қазақстанға халықаралық маршруттардың географиясын кеңейтуге, оның ішінде АҚШ-қа тікелей рейстер ашуға мүмкіндік береді.

2025 жылғы 21 шілдеде ҚР Көлік министрлігінің №223 бұйрығымен авиациялық техника және (немесе) арнайы көлік лизингі шарттары аясында жүзеге асырылатын күрделі шығыстардың құнын және нысанасын айқындау қағидалары қабылданды. Бұл қағидалар мемлекеттік қатысуы бар әуежайлар үшін арнайы техниканы сатып алуға мүмкіндік береді.

Отандық әуе компанияларының әуе кемелері паркі 12 жаңа ұшақпен толықтырылды (SCAT – 4 Boeing 737 MAX8, Air Astana – 3 Airbus A321/320, FlyArystan – 5 Airbus A321/320).

2025 жылғы 4 маусымдағы №412 Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасының 2025–2031 жылдарға арналған азаматтық ұшқышсыз авиацияны дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Аталған құжатта реттеу, кадр даярлау және ғылыми зерттеулерді қоса алғанда, дамудың стратегиялық бағыттары айқындалған.

Ақтау қаласы әуежайының ұшу-қону жолағы мен рульдеу жолына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, сондай-ақ Астана қаласы әуежайының ұшу-қону жолағына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бұдан бөлек, Балқаш қаласы әуежайының терминалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталу сатысында.

Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында үш әуежайдың құрылысы жүргізілуде, сондай-ақ Арқалық қаласы әуежайының қызметін қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарылуда.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы деңгейінде азаматтық авиацияны дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізіліп, онда негізгі тәсілдер айқындалып, стратегиялық шешімдер қабылданды және саланың одан әрі дамуына бағытталған орта мерзімді міндеттер белгіленді.