19/06/2026
Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінде авиация саласының өткен кезеңдегі жұмыс қорытындылары мен ағымдағы жылға арналған жоспарлар талқыланған Ұшу тұрақтылығы және көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің, Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің, әуежайлардың, әуе компанияларының және жерүсті қызмет көрсету ұйымдарының өкілдері қатысты.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар–сәуір аралығында отандық әуе компаниялары 29 563 рейс орындаған, оның ішінде 7 197 рейс кешігумен орындалды. Осы кезеңде әуе тасымалы мен қызмет көрсету сапасына қатысты жолаушылардан шамамен 750 өтініш түскен.
Сонымен қатар, кешігулердің белгілі бір бөлігі ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған операциялық қызметтің ажырамас бөлігі екені атап өтілді. Рейстердің кешігуінің негізгі себептері қолайсыз ауа райы жағдайлары, техникалық себептер, сондай-ақ жекелеген әуежайлардың жұмыс регламентіне байланысты шектеулер болып қала береді.
Отырысқа қатысушылар рейстердің кешігуін барынша азайтуға, авиациялық үдеріске қатысушы барлық тараптардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға және штаттан тыс жағдайларға жедел әрекет ету рәсімдерін жетілдіруге бағытталған шаралар кешенін талқылады. Сонымен қатар, жолаушыларды ақпараттандыру сапасын арттыру және рейстердің кешігуі мен кестедегі өзгерістерге байланысты өтініштер санын азайту бойынша қосымша шаралар қаралды.
Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын талқылау барысында жолаушылар құқықтарының сақталуы, рейстердің мәртебесі туралы, оның ішінде әуе кемесі ауыстырылған жағдайда да, уақтылы хабардар ету, багажды белгіленген рәсімдерге сәйкес өңдеу, сондай-ақ әуежайлардағы сервис деңгейін арттыру мәселелері қаралды. Қатысушылар тасымалдау үдерісіне қатысушы барлық тараптардың жауапкершілік аражігін нақтылау және жолаушылар өтініштерінің санын азайту жөніндегі шараларды да талқылады.
Кездесудің басты назарында саланы цифрландыру, операциялық қызметті басқарудың заманауи технологияларын енгізу, сондай-ақ авиация саласы мен авиациялық инфрақұрылымның жазғы маусым мен мерекелік кезеңдердегі жоғары жүктемелерге дайындығы мәселелері болды.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар авиация саласының орнықтылығын арттыруға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға және ұшу қауіпсіздігі мен жерүсті қызмет көрсетудің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар бастамаларды іске асырудың басым шараларын айқындады.