04/11/2019
Мәскеуде Авиациялық медицина қауымдастығы (АВАМ) ұйымдастырған «Авиациялық медицинаның өзекті мәселелері» халықаралық конгрессінде 250-ден астам маман, Ресей Федерациясы Көлік министрлігінің, Федералды әуе көлігі агенттігінің, АҚШ Аэроғарыштық медицина қауымдастығының (AsMA) өкілдері, ТМД елдерінің әуе медициналық сарапшылары және Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің өкілдері қатысты. Бірінші сессияда Еуропалық Одақтың өкілдері және ресейлік мамандар - Орталық дәрігерлік-ұшу комиссиясының, «Аэрофлот» әуе компаниясының және Азаматтық авиацияның Орталық клиникалық ауруханасының сарапшылары ұшуларды медициналық қамтамасыз ету, медициналық тәуекелдерді басқару және ұшу қауіпсіздігі бойынша баяндамалар жасады. Екінші секция жолаушылар денсаулығына арналды, онда жолаушыларға әуежайда, сондай-ақ ұшу кезінде әуе кемесінің бортында медициналық көмек көрсету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің Азаматтық авиация ұшуларын медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Онда азаматтық авиация персоналына лицензия алуға немесе ұзартуға өтінім беретін кандидаттарды медициналық тексеру, әуе тасымалдаушыларына медициналық қызмет көрсету және жолаушылар мен ұшу экипаж мүшелеріне медициналық көмек көрсету сияқты мәселелер талқыланды.