Кіру

Басты бет >
Авиабилеттердің құнын төмендету бойынша бірқатар шаралар әзірленді

07/10/2019

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Мемлекет Басшысының Жолдауын орындау аясында авиабилеттердің құнын төмендету бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы хабарлады.
Қазіргі уақытта авиабилет құны негізінен баға белгілеудің нарықтық және динамикалық механизмі (бәсекелестік, сұраныс, маусымдық, мереке және демалыс күндері) негізінде қалыптасады.


«Мемлекет тікелей реттемейді және тек авиакомпаниялар үшін бәсекеге қабілетті жағдайлар жасайды. Бәсекенің арқасында ғана біз авиабилет құнын төмендетеміз. Мемлекет өз кезегінде нарыққа тиісті қадағалау мен бақылауды жүзеге асыруы тиіс.», - деді Бейбіт Атамқұлов.
Оның айтуынша, 2012 жылдан бастап ішкі бағыттар бойынша қазақстандық авиакомпаниялардың тұрақты жолаушылар рейстерін орындауына барлық шектеулер алып тасталды.


Ең танымал үш маршрутта 4 әуе тасымалдаушысы әр түрлі тарифтік ұсыныстармен ұшуды орындайды.
Бұл шара авиабилеттер құнын төмендетуге ықпал етті.


Мысалы, егер 2012 жылы Нұр-Сұлтан-Алматы маршруты бойынша орташа билет құны АҚШ долларымен есептегенде 85-ті құраса, 2019 жылы билет құны – орташа алғанда 50 АҚШ доллары болды. Сондай-ақ авиабилеттердің құнына Fly Arystan лоукостері қызметінің кеңеюі әсер етуі тиіс.


«Ағымдағы жылы мамырда алғашқы ұлттық лоукостер Fly Arystan іске қосылды, оның билет құны «Эйр Астанамен» салыстырғанда 2 есе төмен. Бүгінгі күні 470 мыңнан астам билет сатылды, 60 % билеттердің құны 10 мың теңгеден төмен. Біз әуе кемелерінің паркін кеңейтуіміз және маршруттар желісін ұлғайтуымыз қажет", - деп атап өтті ҚР ИИДМ басшысы.
Бұдан басқа, министрлік тікелей өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін авиаотынды жеткізу тізбегін оңтайландыруға кірісті.