Кіру

SEC2026 Жаһандық симпозиум ИКАО авиациялық қауіпсіздік аптасы 2026 20–22 қазан
Астана
→
SEC2026 ИКАО авиациялық қауіпсіздік аптасы 2026 20–22 қазан · Астана →
Басты бет
Астанада өткен ИКАО апталығында аудиттер мен олардың нәтижелерін пайдалану мәселелері талқыланды

28/10/2026

Астанада өткен ИКАО-ның 2026 жылғы авиациялық қауіпсіздік апталығы аясында «Бақылау тізімінен тыс: аудит нәтижелерінен әлеуетті ұзақ мерзімді дамытуға дейін» тақырыбында панельдік сессия ұйымдастырылды. Сессия барысында аудит нәтижелерін анықталған кемшіліктерді жою және авиациялық қауіпсіздікті ұзақ мерзімді перспективада нығайту үшін тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сессияға Эфиопияның Ұлттық барлау және қауіпсіздік қызметінің директоры Асрат Кеджела Фейса, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Авиациялық қауіпсіздік департаментінің бас авиациялық инспекторы Рүстем Қабанбаев, Таиланд Азаматтық авиация басқармасының Авиациялық қауіпсіздік стандарттары және жәрдемдесу департаментінің менеджері Русни Мустапа, БҰҰ Терроризмге қарсы комитеті Атқарушы директоратының Саяси талдау және зерттеулер бөлімінің басшысы Рэйчел Этли қатысты.

Рүстем Қабанбаев соңғы бір жыл ішінде жүргізілген ИКАО-ң авиациялық қауіпсіздік аудиті Қазақстанға авиациялық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударуға және одан әрі жетілдіруді қажет ететін бағыттарды айқындауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Негізгі жұмыс аудит аяқталғаннан кейін басталады. Бізде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың құнды тәжірибесі қалыптасқан. Бұл тәжірибе анықталған кемшіліктерді жоюмен ғана шектелмей, олардың түпкі себептерін анықтап, шешуге мүмкіндік береді. Аудит нәтижелерінің нақты түзету шараларын қабылдауға, ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және авиациялық қауіпсіздік деңгейін жүйелі түрде арттыруға негіз болғаны маңызды», – деді Р. Қабанбаев.

Өз кезегінде Русни Мустапа аудит ұлттық авиациялық қауіпсіздік жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкестігін бағалауға, белгіленген стандарттардың қаншалықты тиімді қолданылып жатқанын анықтауға және қосымша назар аударуды қажет ететін бағыттарды айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Пікірталасқа қатысушылар аудитті талаптарға сәйкестікті бағалау құралы ретінде ғана емес, жүйелі өзгерістерге негіз болатын маңызды тетік ретінде қарастыру қажеттігін ерекше атап өтті. Осы тұрғыда анықталған кемшіліктердің түпкі себептерін жою, түзету шараларын іске асыру және мамандардың кәсіби әлеуетін дамыту маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар ведомствоаралық өзара іс-қимыл, қауіп-қатерлер туралы ақпарат алмасу және тәуекелдерді бағалау негізінде шешім қабылдау мәселелеріне назар аударылды. Бұл тетіктер азаматтық авиацияны қорғауда және терроризмге қарсы іс-қимылда маңызды рөл атқарады.

ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік апталығы 2026 жылғы 20–22 қазан аралығында Астана қаласында өтті. Іс-шараға 62 елден 1100-ден астам қатысушы, оның ішінде авиациялық билік органдарының, халықаралық ұйымдардың, авиакомпаниялар мен әуежайлардың өкілдері, сондай-ақ авиация саласының сарапшылары қатысты.