16/06/2026
CRDF Global ұйымы АҚШ Мемлекеттік департаментінің атынан, Flight Safety Foundation ұйымының салалық сарапшыларымен және доктор Анар Шайкеновамен серіктестікте «Ұшу жарамдылығын үздіксіз қадағалау, авиациялық құрамдауыштардың белгіленген талаптарға сәйкестігі және олардың қадағалануын қамтамасыз ету» тақырыбында бір күндік конференция өткізді.
Конференцияны ұйымдастыруға Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі (ҚӘА) қолдау көрсетті. Іс-шараға қатысушыларға ҚӘА бас директоры Майкл Дэниел құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына белсенді қатысты.
Конференцияға Қазақстан, Қырғызстан және Түркия елдерінен авиациялық билік органдарының, реттеуші ұйымдардың, IATA өкілдері мен авиация саласының мамандарын қоса алғанда, 30 қатысушы жиналды. Олар санкциялық және экспорттық бақылау шектеулері жағдайында әуе кемелерін пайдалануға байланысты ұшу қауіпсіздігі тәуекелдерін талқылады.
Пікірталастар барысында ұшу жарамдылығын қолдауды бақылау, авиациялық құрамдауыштардың белгіленген талаптарға сәйкестігі мен олардың қадағалануын қамтамасыз етуге қатысты негізгі сын-қатерлер, сондай-ақ осы факторлардың ұшу қауіпсіздігіне әсері қарастырылды.
Іс-шара аясында қатысушылар аталған салалардағы кемшіліктердің әуе кемелері құрамдауыштарының істен шығуына (System Component Failures, SCF), соның ішінде күш қондырғысына қатысы жоқ жүйелердің ақаулары мен қозғалтқыштардың істен шығуына қалай әкелуі мүмкін екендігі жөнінде тәжірибелік түсінік алды.
Сондай-ақ сарапшылар қадағалау тетіктерін күшейту және тәуекелге бағдарланған тәсілдерді қолдану ұшу қауіпсіздігі тәуекелдерін едәуір төмендетуге әрі шектеулі пайдалану жағдайларында да әуе кемелерінің қауіпсіз эксплуатациясын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.