Кіру

SEC2026 Жаһандық симпозиум ИКАО авиациялық қауіпсіздік аптасы 2026 20–22 қазан
Астана
→
SEC2026 ИКАО авиациялық қауіпсіздік аптасы 2026 20–22 қазан · Астана →
Басты бет
Астанада киберқауіптер мен олардың авиация жүйесіне әсері талқыланды

29/10/2026

Авиация саласының қарқынды цифрлануы және авиациялық жүйелердің өзара байланысының күшеюі жағдайында киберқауіпсіздіктің маңызы артып келеді. «Соңғы қорғаныс шебі: авиация жүйесіндегі киберқауіпсіздік» атты панельдік пікірталас барысында сарапшылар өзекті киберқауіптерді, авиациялық инфрақұрылымды қорғау шараларын және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерін талқылады. Сонымен қатар киберинциденттер туралы ақпарат алмасу, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және бүкіл авиация саласының кибертұрақтылығын нығайту мәселелері қарастырылды.

Пікірталасқа Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) авиациялық киберқауіпсіздік жөніндегі маманы Камило Пантоха, Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының (TSARKA, Қазақстан) бас директоры Олжас Сәтиев, TAV Airports Holding (Түркия) компаниясының ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі директоры Кайхан Алтынез, EUROCONTROL ұйымының киберқауіпсіздік бағдарламасының жетекшісі және EATM-CERT басшысы Патрик Мана, сондай-ақ Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) инновациялар және цифрландыру жөніндегі директоры әрі ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі басшысы Ева Джоанна Пилат қатысты.

Қатысушылар нормативтік-құқықтық базаны әзірлеуден оны іс жүзінде іске асыруға көшудің қажеттігін атап өтті. Әуежайлардың, авиакомпаниялардың, аэронавигациялық қызметтердің және мемлекеттік органдардың жұмысы цифрлық платформалар мен ақпараттық желілердің тұрақты қызметіне тәуелді. Бір ұйымдағы киберинцидент авиация саласының басқа қатысушыларына да қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан тиімді қорғанысты қамтамасыз ету үшін жедел ақпарат алмасу, іс-қимылдарды үйлестіру және киберинциденттерге бірлесіп әрекет етуге дайын болу маңызды.

Пікірталас барысында ИКАО-ның авиациялық киберқауіпсіздік стратегиясы мен Киберқауіпсіздік жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыру мәселелері де талқыланды. Сарапшылар жауапкершілікті бөлу, киберинциденттерге ден қою тетіктерін жетілдіру, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және орнықты киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.

Панельдік сессия қатысушылардың зор қызығушылығын тудырып, авиация саласындағы киберқауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша белсенді пікір алмасумен жалғасты.