Кіру

SEC2026 Жаһандық симпозиум ИКАО авиациялық қауіпсіздік аптасы 2026 20–22 қазан
Астана
→
SEC2026 ИКАО авиациялық қауіпсіздік аптасы 2026 20–22 қазан · Астана →
Басты бет
Астанада ИКАО-ның Еуропалық өңірдегі іздестіру-құтқару жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтуде

30/09/2026

Астанада Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Еуропалық өңірдегі іздестіру-құтқару жөніндегі жұмыс тобының он сегізінші отырысы (EUR SAR TF/18) басталды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева қатысты.

Отырысқа Еуропалық өңір мемлекеттерінің, ИКАО-ның, халықаралық ұйымдардың және басқа да мүдделі тараптардың өкілдері жиналды. Іс-шара барысында өңірлік іздестіру-құтқару жүйесін дамыту, мемлекеттік қадағалауды жетілдіру, авиациялық персоналды даярлау, іздестіру-құтқару жаттығуларын өткізу және мемлекеттер арасында тәжірибе алмасу мәселелері талқылануда.

Бірінші күннің негізгі мәселелерінің бірі SAR Matrix жүйесін және іздестіру-құтқару қызметінің тиімділігін бағалауға арналған 42 көрсеткішті жетілдіру болды. Осы тақырып бойынша ИКАО EUR/NAT өкілі Брайан ДеКуто баяндама жасап, жүйенің әлсіз тұстары мен оны одан әрі дамыту бағыттарына жүргізілген талдауды таныстырды.

Халықаралық өзара іс-қимылдың практикалық аспектілеріне ИКАО мен Халықаралық теңіз ұйымының іздестіру-құтқару жөніндегі бірлескен жұмыс тобының (ICAO/IMO JWG-SAR) төрағасы Дэвид Эдвардстың баяндамасы арналды. Іс-шара барысында ол ИКАО мен Халықаралық теңіз ұйымының бірлескен тобының жұмысы туралы өзекті ақпарат ұсынды.

Әуе кемелерінің апатқа ұшыраған жағдайда орналасқан жерін анықтау технологиялары мен тиісті рәсімдерді жетілдіруге ерекше назар аударылды. EUR SAR TF төрағасының орынбасары Арно Филипп ELT(DT) апаттық таратқыштарын іске қосу және Францияда қолданылатын үйлестіру әдістемесінің артықшылықтары туралы жаңартылған ақпарат ұсынды.

Сондай-ақ әуе кемелерінің апаттық жағдайдағы орналасқан жерін жаһандық анықтау және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаһандық авиациялық жүйесін (GADSS) одан әрі енгізу мәселелері қарастырылды. Атап айтқанда, апаттық жағдайдағы әуе кемелерін автономды қадағалау (ADT) және апаттық жағдайдағы әуе кемесінің орналасқан жері туралы деректер репозиторийін (LADR) пайдалану мәселелеріне назар аударылды. Кейінгі семинар аясында осы бағыттар бойынша практикалық үстел үсті жаттығуын өткізу жоспарланған.

Қазақстан бағдарламаның практикалық бөлігінде де таныстырылған. Қатысушыларға Қазақстандағы іздестіру-құтқару жүйесін ұйымдастырудың ұлттық тәжірибесі ұсынылады. Сонымен қатар Қазақстанның авиациялық және жедел қызметтерінің өкілдері іздестіру-құтқару үйлестіру орталықтарымен өзара іс-қимыл және хабарлау жүйесінің қолданыстағы тетіктері туралы айтып береді.

Қазақстанның Жұмыс тобының жұмысына қатысуы іздестіру-құтқару саласындағы ұлттық тәжірибе мен тәсілдерді таныстыруға, сондай-ақ авиациялық оқиғалар мен төтенше жағдайларға ден қоюдың халықаралық тетіктерін одан әрі дамыту жөніндегі талқылауларға қатысуға мүмкіндік береді.

Іздестіру-құтқару жұмыстары азаматтық авиация қауіпсіздігі жүйесінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Бұл жүйенің тиімділігі апатқа ұшыраған әуе кемесін уақтылы анықтауға, оның орналасқан жерін дәл белгілеуге және барлық жұмылдырылған қызметтердің үйлесімді әрекет етуіне байланысты.

EUR SAR TF/18 отырысының Астана қаласында өткізілуі Қазақстанның ИКАО-мен, Еуропалық өңір мемлекеттерімен және қауіпсіздікті қамтамасыз ету әрі іздестіру-құтқару іс-шараларының тиімділігін арттыру саласындағы халықаралық әріптестерімен өзара іс-қимылын одан әрі нығайтуға ықпал етеді.