Кіру

SEC2026 Жаһандық симпозиум ИКАО авиациялық қауіпсіздік аптасы 2026 20–22 қазан
Астана
→
Басты бет
Алматыда Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды

02/10/2026

Алматыда Азаматтық авиация академиясының (ААА) базасында Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды. Институттың қызметі отандық авиациялық ғылымды дамытуға, қолданбалы зерттеулер жүргізуге және азаматтық авиация саласы үшін технологиялық шешімдер әзірлеуге бағытталған.

Институттың ашылу рәсіміне Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, Азаматтық авиация академиясының ректоры Дәулет Мамеков, авиация саласы мен білім беру жүйесінің өкілдері қатысты.

Институттың алғашқы жобаларының бірі – ААА мен Қытайдың Азаматтық авиация университеті (Civil Aviation University of China, CAUC) бірлесіп құрған «Азаматтық авиацияның қауіпсіздігі және интеллектуалды технологиялар» ғылыми-зерттеу зертханасы. Оны құру туралы келісімге 2026 жылғы 16 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында Шанхай қаласында қол қойылды.

Зертхана бірлескен зерттеулер жүргізуге және халықаралық ғылыми-техникалық жобаларды іске асыруға арналған. Жобаларға оқытушылар, ғалымдар, магистранттар мен докторанттарды тарту көзделген.

Зерттеулердің негізгі бағыттарына жасанды интеллект және авиациялық деректерді талдау, авиациялық материалдар, диагностика және бұзбай бақылау, авиациялық отын және тұрақты авиациялық отын (SAF) жатады.

ҚАӘ басшысы Майкл Дэниел өз сөзінде ғылыми ынтымақтастықты дамытудың перспективаларына тоқталды: «Қазақстанның жаңа шешімдер халықаралық серіктестермен бірлесіп зерттеліп, сынақтан өткізіліп, одан әрі дамитын алаңға айналу үшін барлық мүмкіндігі бар. Авиация саласын реттеуді дамыту тұрғысынан Қазақстанның ұстанымы өте мықты».

Ұлттық ғылым академиясының қолдауы мен жәрдемінің арқасында ААА-ның еліміздің бейінді ғылыми-зерттеу институттарымен ғылыми кооперациясы жолға қойылуда. Бұл салалық сараптаманы Қазақстанның жетекші ғылыми мектептері мен зертханаларының әлеуетімен ұштастыруға мүмкіндік береді. ҚР ҰҒА вице-президенті Асқар Жұмаділдаев іргелі ғылымды саланың практикалық қажеттіліктерімен байланыстырудың маңыздылығын атап өтті: «Біздің миссиямыз – ұлттық іргелі ғылымды саланың қолданбалы қажеттіліктерімен ұштастыру».

Іс-шара аясында Майкл Дэниел студенттермен кездесу-сессия өткізді. Жастарды жұмысқа орналасу перспективалары, авиация саласының одан әрі дамуы, мамандықтардың болашағы және жас мамандарға арналған мүмкіндіктер қызықтырды.

Азаматтық авиация академиясының маңызды бағыттарының бірі – биыл Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Жаһандық елшілер бағдарламасының Қазақстандағы елшісі, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиеваның қатысуымен таныстырылған Азаматтық авиацияның жаңа кәсіптері мен құзыреттерінің атласы. Атлас цифрландыру, технологиялық өзгерістер және жасанды интеллектіні енгізу жағдайында перспективалы мамандықтар мен негізгі құзыреттерді айқындайды. Сонымен қатар ол жаңа буын мамандарын даярлау үшін маңызды бағдар болып табылады.

Құрылған Институт жұмысының тиімділігін ғылыми жарияланымдар, патенттер мен халықаралық жобалардың санымен қатар, практикалық нәтижелер арқылы да бағалау жоспарлануда. Атап айтқанда, әзірленген шешімдерді авиация саласының нақты міндеттерін шешуге, авиациядағы қауіпсіздік пен процестердің тиімділігін арттыруға қолдану мүмкіндігіне басымдық беріледі.