Кіру

Басты бет
Алматы облысы мен Шымкент қаласында ұшуларды іздестіру-құтқару қамтамасыз ету бойынша ауқымды оқу-жаттығулар өтті

20/07/2026

«SAREX 03/2026» ұшуларды іздестіру-құтқару қамтамасыз ету бойынша ауқымды оқу-жаттығулары көптеген зардап шеккендер бар әуе оқиғасы жағдайына барынша жақындатылған сценарий бойынша өткізілді. Оқулар барысында әуе кемесін анықтаудан бастап шартты зардап шеккендерді эвакуациялауға және олардың шартты туыстарына көмек көрсетуді ұйымдастыруға дейінгі іс-шаралардың толық кешені пысықталды.

Сценарийге сәйкес шартты авиациялық оқиға орны Алматы қаласы әуежайынан 100 шақырым қашықтықта, Іле өзенінің жағасындағы Тамғалы-Тас шатқалында белгіленді. Іс-шараға «Қазаэронавигация» РМК Іздестіру және құтқаруды үйлестіру орталығының күштері мен құралдары, «Қазавиақұтқару» АҚ және Қазақстан Республикасы ҰҚК Авиациялық қызметінің іздестіру-құтқару тікұшақтарының экипаждары, Алматы қаласы, Алматы облысы, Жетісу облысы және Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменттерінің бөлімшелері, Алматы облысы мен Шымкент қаласының денсаулық сақтау қызметтері және Апаттар медицинасы орталығы, сондай-ақ Шымкент әуежайының қызметтері жұмылдырылды.

«SAREX 03/2026» оқу-жаттығуларының мақсаты – іздестіру-құтқару операцияларын жүргізуге тартылатын күштер мен құралдардың әзірлігін тексеру, мемлекеттік органдардың, жедел-құтқару қызметтерінің, әуежай қызметтерінің және өзге де ұйымдардың өзара іс-қимылын жетілдіру, сондай-ақ авиациялық оқиға туындаған жағдайда дағдарыстық басқару тетіктерін пысықтау болды.

Жаттығу барысында іздестіру-құтқару жүйесінің барлық деңгейлерінің өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, авариялық хабарлау және іс-қимылды үйлестіру, шартты әуе кемесін іздеу және анықтау, авариялық-құтқару жасақтарын түсіру және алғашқы медициналық көмек көрсету, зардап шеккендерді әуе және жерүсті көлігімен эвакуациялау, Шымкент әуежайының Апаттық жоспарын іске қосу, сондай-ақ Дағдарыс орталығын (Emergency Operations Center) және зардап шеккендердің туыстарына көмек көрсету орталығын (Family Assistance Center) өрістету пысықталды. Сонымен қатар, ведомствоаралық өзара іс-қимыл, ақпарат алмасу, шартты зардап шеккендердің туыстарын сүйемелдеу және әуежайдың Апаттық жоспарына сәйкес барлық тартылған қызметтердің іс-қимылдарын үйлестіру тетіктері тексерілді.

Алғаш рет «SAREX» ауқымды оқу-жаттығуларына бақылаушы ретінде Қырғыз Республикасының Азаматтық авиация мемлекеттік агенттігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері қатысты. Халықаралық қатысу авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы үздік тәжірибелермен алмасуға және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.

«SAREX 03/2026» оқу-жаттығулары барысында Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Апаттық жоспарын іске қосу элементі де пысықталды. Оның аясында құрылымдық бөлімшелердің әзірлігі, оның ішінде оқу-жаттығу барысында келіп түскен ақпаратты жинау, өңдеу және мониторинг жүргізу жүйесінің жұмысы тексерілді.

Осындай ауқымды оқу-жаттығуларды өткізу Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Олар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенциясына (Чикаго конвенциясы) енгізілген 12-қосымша «Іздестіру және құтқару (Search and Rescue)» және 9-қосымша «Ресімдерді жеңілдету (Facilitation)» стандарттары мен ұсынылатын практикасының талаптарына сәйкес ұйымдастырылады.

Оқу-жаттығулар ұлттық авиациялық іздестіру-құтқару жүйесінің әзірлік деңгейін, сондай-ақ авиациялық оқиғалар кезінде зардап шеккендер мен олардың отбасы мүшелеріне көмек көрсету тетіктерінің тиімділігін бағалауға мүмкіндік берді.