05/05/2026
Алматы қаласында «AVIATION CAREER & PARTNERSHIP DAY – 2026» салалық іс-шарасы - азаматтық авиациядағы мансап, білім беру және халықаралық серіктестік күні өтті. Іс-шараның мақсаты – білім беру ұйымдары мен авиация саласы арасындағы өзара іс-қимылды дамыту, түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, сондай-ақ авиациялық кадрларды даярлау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
Іс-шара аясында авиациялық кәсіпорындардың көрме стендтері ұсынылып, студенттер мен түлектер үшін жедел сұхбаттасулар ұйымдастырылды, сондай-ақ мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар және жетекші жоғары оқу орындары өкілдерінің қатысуымен тақырыптық сессиялар өткізілді.
«Болашақ авиациясы үшін кадрлар: білім беру, сала, халықаралық серіктестік» атты пленарлық сессия барысында жаңа буын мамандарын даярлау және білім беру бағдарламаларын авиация индустриясының заманауи талаптарына бейімдеу мәселелері талқыланды.
«ИКАО: стандарттар, қауіпсіздік және авиацияның болашағы» тақырыбында онлайн форматта ИКАО-ның жаһандық елшісі, ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева баяндама жасады. Ол білім беру, авиация индустриясы және халықаралық ынтымақтастықты біріктірген салалық іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
«Авиацияға тек дәстүрлі бағыттардағы мамандар ғана емес, сонымен қатар медицина, метеорология, инженерия, биология, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да іргелес салалардағы кәсіби мамандар қажет. Сондықтан елдің жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытып, олардың құзыреттерін саланың нақты қажеттіліктерімен ұштастыру маңызды», – деді С. Томпиева. Ол студенттер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын, сондай-ақ заманауи білім беру бағдарламаларын дамытудағы халықаралық серіктестіктің, оның ішінде Азаматтық авиация академиясымен Kent State University ынтымақтастықтың рөлін ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының қатысуымен авиациялық кадрларды желілік даярлауды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Energo University (Ғ. Даукеев атындағы АЭБУ), С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ және басқа да оқу орындары бар. Сондай-ақ саланың басқарушылық құзыреттерін дамытуға бағытталған авиациялық менеджмент саласындағы MBA/EMBA бағдарламасы ұсынылды,
Іс-шараның әлеуметтік-гуманитарлық блогы авиациядағы әйелдердің рөлін насихаттауға, көшбасшылық пен кәсіби әлеуетті дамытуға бағытталған Girls in Aviation Day бастамасын қамтыды.
«AVIATION CAREER & PARTNERSHIP DAY – 2026» Қазақстанның азаматтық авиациясы үшін кадрлық резервті қалыптастыруға, тәжірибе алмасуға және халықаралық стандарттар мен үздік тәжірибелер негізінде диалог орнатуға арналған маңызды алаңға айналды.