29/11/2019
Ұлттық әуе тасымалдаушыны дамыту мәселелері бойынша жұмыс отырысы барысында әуе компанияның операциялық қызметінің нәтижелері, ішкі және халықаралық бағыттар желісін кеңейту, сондай-ақ әуе паркін жаңарту жөніндегі жоспарлар қаралды.
Әуе компания Алматы-Париж бағыты бойынша рейсті 2020 жылдың маусым айынан бастап аптасына 3 рет жиілікпен жаңа Airbus A321LR ұшағымен орындай бастайды. Алыс магистральды әуелайнер 2019 жылдың қазан айынан бастап қолданысқа енген. Қазіргі уақытта, Air Astana осы үлгідегі ұшақтың ТМД елдерінде алғашқы эксплуатанты болып табылады.
Әуекомпания президенті Питер Фостер төмен бюджетті тасымалдау сегментінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың және таяу арада Мәскеуге алғашқы халықаралық рейсін ашатын FlyArystan лоукостерін дамыту барысы туралы айтты. FlyArystan әуе компаниясы құрылған сәттен бастап 600 мыңнан астам билет сатып үлгерді, оның жартысынан астамы 10 мың теңгеден төмен бағамен сатылған.
Министр лоукостердің тасымалдау көлемі өсуінің оң динамикасын атап, халықтың басым бөлігі үшін әуе көлігінің қол жетімділігіне бағытталған әуе билеттердің құнын төмендету бойынша жұмысты жалғастырудың, сондай-ақ аймақтық маршруттық желіні кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Әуе тасымалдаушының ақпараты бойынша 2020 жылдың соңына дейін FlyArystan флотын 10 Airbus A320 әуе лайнеріне дейін кеңейту жоспарлануда, бұл Қарағанды және Ақтөбе әуежайларында жаңа авиациялық базаларда жұмыс бастауға мүмкіндік береді. Осылайша, бюджеттік әуе компанияның маршруттық желісі 40 бағытқа дейін артады.