Кіру

Басты бет >
2023 жылғы ұшулардың тұрақтылығы мен көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі жұмыс тобы қызметінің қорытындылары туралы

18/01/2024

Астанада 2023 жылдың қорытындысы бойынша ұшулардың тұрақтылығы мен көрсетілетін қызметтердің сапасына арналған жұмыс тобының отырысы өтті.

Азаматтық авиация комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тимур Тілегеновтың төрағалығымен ұшулардың тұрақтылығы және жолаушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі жұмыс тобының 5-ші отырысы өтті. Жұмыс тобының отырысына Азаматтық авиация комитетінің, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы әуежайларының және отандық әуе компанияларының өкілдері қатысты.

2023 жылы 71 895 рейс орындалды, оның ішінде 16 666 рейс кешігумен орындалды, рейстердің уақытылы орындалу пайызы 77% құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда жақсарған болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 74%-ды құраған. Бұл ретте өткен жылмен салыстырғанда рейстердің кешігу ұзақтығы қысқарғанын айта кеткен жөн.

Кідірістің негізгі себептері - әуе кемесінің кешігіп келуі, адами фактор, қолайсыз метеожағдайлар, техникалық себептер және т. б.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Премьер - Министрінің хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында жұмыс тобы аясында әуе көлігіндегі күрделі метеорологиялық жағдайлар туындаған кезде жұмылдырылған құрылымдардың (әуежай, әуе компаниялар, метеорологиялық қызмет) іс-қимыл алгоритмін қабылдау бойынша жұмыс жүргізілуде.

Жолаушыларға қызмет көрсетуге тікелей тартылған әуежайлар мен әуе компаниялардың ерекше көзге түскен қызметкерлері функционалдық міндеттерін сапалы орындағаны үшін алғыс хаттармен марапатталды.

Өткізілген отырыстың қорытындысы бойынша 2024 жылға арналған жұмыс жоспары қалыптастырылды, онда жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және жолаушылардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыс басым бағыт болады.