Кіру

SEC2026 Жаһандық симпозиум ИКАО авиациялық қауіпсіздік аптасы 2026 20–22 қазан
Астана
→
SEC2026 ИКАО авиациялық қауіпсіздік аптасы 2026 20–22 қазан · Астана →
Басты бет
ҚАӘ-де АҚШ Мемлекеттік департаментінің делегациясымен авиациялық қауіпсіздік мәселелері бойынша кездесу өтті

02/11/2026

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде Экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі бағдарламасы (EXBS) аясындағы ынтымақтастық шеңберінде АҚШ Мемлекеттік департаментінің делегациясымен кездесу өтті.

Кездесуге Қазақстанның авиациялық әкімшілігі атынан Бас атқарушы директор Майкл Дэниел мен авиациялық қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директор Жәнібек Шәріпбаев қатысты.

АҚШ тарапынан кездесуге АҚШ Мемлекеттік департаментінің Қару-жарақты бақылау және таратпау бюросының қауіпсіздік саласындағы көмек бағдарламалары жөніндегі Мемлекеттік хатшы көмекшісінің орынбасары Шона Уилсон, сондай-ақ Мемлекеттік департаменттің басқа да өкілдері мен АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің EXBS бағдарламасымен және АҚШ Көлік қауіпсіздігі басқармасымен (Transportation Security Administration, TSA) өзара іс-қимылының қорытындылары шығарылды. Америка тарапы көрсетіп отырған қолдаудың, оның ішінде арнайы жабдықтармен қамтамасыз етудің, бейінді іс-шаралар өткізудің және сарапшылар сапарларының маңызы атап өтілді. Қазақстан тарапы Астанада 64-тен астам елден 1 000-нан астам қатысушыны жинаған ИКАО Авиациялық қауіпсіздік апталығының сәтті өткені туралы хабарлады.

Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы тікелей әуе қатынасын ашуға дайындыққа ерекше назар аударылды. Тараптар дайындық барысы және авиациялық қауіпсіздік саласындағы қажетті шаралар, соның ішінде әуе жүктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тексеру инспекторларын даярлау мәселелері бойынша пікір алмасты.

Азаматтық авиацияға төнетін жаңа қатерлерге, оның ішінде ұшқышсыз әуе кемелеріне, кибершабуылдарға және қақтығыс аймақтарының маңында ұшу тәуекелдеріне жеке тоқталды. Америка тарапы қазақстандық мамандардың қыркүйек айының соңында өткен ұшқышсыз әуе кемелеріне қарсы іс-қимыл және аса маңызды инфрақұрылымды қорғау жөніндегі семинарға қатысқанын атап өтті. Ведомстволар арасындағы өкілеттіктерді нақты бөлудің маңыздылығы айтылды.

Тараптар сондай-ақ экспорттық бақылау, шекаралық және кедендік қызмет салаларындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін талқылады. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тиісті ведомствоаралық кездесуді өткізуге алаң болуға дайын екенін білдірді. Америка тарапы техникалық көмекті, оның ішінде жеткізілген жабдықты пайдалану мен жөндеуге қызмет көрсету бойынша персоналды оқытуды жалғастыруға дайын екенін растады.

Кездесу Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының авиациялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, екі елдің авиациялық органдары арасындағы сенімді нығайтуға және қауіпсіз әрі тиімді халықаралық әуе қатынасы үшін жағдай жасауға бейілділігін растады.